«Бұл — өмір». Министр отандық өнімдердің импорттан неге қымбат екенін осылай түсіндірді
«Бұл — өмір». Сауда министрі дүкен сөрелеріндегі отандық өнімдердің импорт тауарлардан неге қымбат екенін осылай деп түсіндірді. Арман Шаққалиев бұл сауалға қатысты кесіп айту үшін әуелі әр тауарды жеке-жеке зерделеу керек деп санайды.
Автор: Мерей Қалиасқар
11.01.2024
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
— Бұл — өмір, экономика, нарықтық экономикада «міне, сенің төменгі және жоғарғы бағаң» деп бұйырып құнын айта алмайсың. Бұл айдан анық дүние. Мысалы Қытайдың жеңіл өнеркәсібін бізбен салыстыра алмаймыз ғой. Бір біріне сәйкес келмейді. Сондықтан кейбір тауарлар арзанырақ, кейбірі қымбатырақ. Бәрі «тұтынушылардың талғамы мен қаржылық жағдайына байланысты.
«Министрлік бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар 19 өнімнің қымбаттамауын қадағалайды», - дейді Шаққалиев. Егер сол азық-түлік тауарларына үстемақы негізсіз өссе, бірден әкімшілік шара қолданатынын айтты. Десе де жаңа жылдың алдында министрліктің сайтында бұдан былай кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына мониторинг жүргізілмейтіні туралы ақпарат жарияланып, бір сағаттан соң алынып тасталған болатын. Арман Шаққалиев мұны былай деп түсіндірді: азық-түліктің шекті бағасына бақылау жүргізу тоқтатылмайды, тек механизмі жетілдіріліп, онлайн мониторинг іске асырылады. Яғни енді шот-фактураларды талдау негізінде шекті бағадан 15 пайызға асқандарды бірден анықтауға болады.
Ал жалпы бағаның алдағы уақытта құбылуына байланысты министр мардымды ештеңе айтпады. Тек жылдық инфляция 6-8 пайыз аралығында болатынын және бұл ретте үкімет басшысының тапсырмасын орындауға күш салатынын ғана тілге тиек етті.
Арман Шаққалиев «базар мафиясының» кесірінен өнімін өткізе алмай, өткізген күннің өзінде сата алмай жатқан фермерлердің шағымына жауап берді. Қазіргі кезде ондай топтардың атымен жоғына министр сенімді. Егер бола қалған жағдайда, шұғыл тексеріп шара қолданамыз дейді.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
— "Базар мафиясы бар" деген пікір бұрыннан бері айтылады. Біз Астанадағы базарларға барып, ондағы әкімшілікпен және тауар жеткізушілермен кездесеміз. Әдетте сатушылар бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан өндірушілерге көбірек сенеді. Сол себепті жаңа, шағын кәсіпкерлердің нарыққа кіруі қиындау. Ал жалпы ондай фактілер болса, ашығын айтайын, кез келген топты жылдам тәртіпке саламыз. Құқық қорғау органдары бар және өзіміздің құзыретімізді қолданамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!