Онлайн-казиноның көрігін қыздырып, шетелдік серверлерді де бұғаттаған
Лотереяның атын жамылып онлайн-казиноның көрігін қыздырған. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесе ауқымды шара жүргізіп, елімізде осындай 300 клубтың есігіне құлып салды. Сондай-ақ спорт шараларын трансляциялаған шетелдік серверлерді де бұғаттаған. Ал ойынды әкімшілер өз қалауынша реттеп отырыпты.
Автор: Мерей Қалиасқар
15.01.2024
Ресми дерекке сәйкес, елімізде шамамен құмар ойынға салынған 350 мың адам бар. Олардың әрбірінің орташа қарызы – 10 млн теңге. Соңғы жылдары дәл осы лудомания салдарынан ерлі-зайыптылардың ажырасуы мен суицид жиілеп, бірқатар қылмыс көбейген. Өзекті әрі мемлекет назарындағы мәселеге тосқауыл қоюға бағытталған операцияға құқық қорғау органдарынан үш мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған.
Республика бойынша лото клубтарға 570 тінту жүргізіліп, 23 атыс және травматикалы қару, 247 млн теңге, 55 млн Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Лото клубтардың ай сайынғы табысы шамамен 6 млрд теңгені құраған. Бұл ретте қаражаттың шамамен 70 пайызы шетелге шығарылыпты. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банк шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіп отырған.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы:
— Жедел әзірлемеде криминалитет өкілдері де болды, олар ойын мекемелеріне қылмыстық ықпал және қамқорлық еткен, сондай-ақ лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмыс жасаған. Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интим қызмет ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операцияда полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған сегіз адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!