Қарағанды облысы: Осакаровкада 28 елдімекенборанда жарықсыз қалған
Қарағанды облысы Осакаровка ауданындағы боранда 28 елдімекен жарықсыз қалды. Тұрғындар электр желілерінің тозығы жеткенін айтады. Соның салдарынан ауыл тұрғындары суға да зар болған. Жарықсыз істен шығатын насостар су сормайды. Өзекті мәселені бір жақты қылуға аудан билігінің қауқары жоқ.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
16.01.2024
Желіні ұстап отырған жеке компания 80 пайызға тозған құрылғыларды жаңартуға шамамыз жетпейді дейді. Сондықтан мемлекет көмегінсіз күндері қараң екенін мойындайды.
Жылдар бойы жарыққа жарымаған Осакаровка ауданы тұрғындары «мұның зарын әбден тарттық» деп отыр. Айтуларынша, өңірде Құдайдың құтты күні қуат көзі сөнеді екен. Оның артынан су да, интернет желісі де жоғалады.
Нукагүл Фарус:
— Жарық жоқ болды. Үй өртенді. Өрт сөндірушілер жете алмай қалды. Ешкім хабарласа алмады. Өйткені желі болмады. Өшіретін су болмай, халық қармен өшіріп алды. Осындай жағдайға жеттік! Осакаровка ауданының музейінде боранда бір кісі иіс тиіп қайтыс болды. Себебі жарық болмаған.
Аудандағы жарық желілері соңғы он жылда жаңартылмаған. Алайда тарифтің құны өзге өңірлерге қарағанда анағұрлым қымбат дейді қараша. Аталған мәселені тұрғындар аудан билігіне де жеткізген. Бірақ ондағылар жарық мәселесін шешу қолынан келмейтінін айтады.
Ержан Теміров, Осакаровка ауданы әкімінің орынбасары:
— Тоқсаныншы жылдары сатып алған. Сондықтан бұл мәселені тек республика шешеді деп ойлаймын. Бұл енді біздің қолымыздан келмейді. Облыстың қолынан келмейді. Бұл жеке компаниямыз. Мемлекет, жалпы, оның бәрін сатып алуы керек.
Меншік иесі аталған мәселені біледі. Айтуынша, желі 80 пайызға ескірген. Оған былтырдан бастап қаражат бөліне бастапты. Биыл ақша бөлу жағы әлі мақұлданбаған. Дегенімен жөндеу жүргізіледі деп отыр.
Сергей Горицкий, «КРЭК» ЖШС орталық аймақ директоры:
— Желілер әбден ескірген. Соның салдарынан жаңа жылдан бері 40 рет жарық өшті. Оны анықтау үшін жеті рет айдалаға шықтық. Сондай-ақ бізде кадр жетіспеушілігі бар. Аудан бойынша 30 маман керек. Жас мамандар аудан басына жұмыс істеуге келмейді. Бұл да қиындық тудырып отыр. Соған қарамастан жөндеу жұмысы биыл да жүргізіледі.
Бірақ Осакаровка ауданының тұрғындары сан сылтауға сенуден қалған. Сондықтан мәселе «мемлекет деңгейінде бақылауға алынса екен» дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!