{metadescription}
«Жарнама туралы». Республикалық арналар президентке жолданатын үндеуге қол қойды
«Жарнама туралы». Республикалық арналар президентке жолданатын үндеуге қол қойды

«Жарнама туралы». Республикалық арналар президентке жолданатын үндеуге қол қойды

Орталық Азия жарнама қауымдастығының мүшелері, яғни оның құрамына кіретін республикалық арналар ел президентіне жолдағалы жатқан үндеуге қол қойды. Онда мемлекет басшысынан «Жарнама туралы» Заңға енгізілетін өзгерістерге назар аударуын сұрайды. Былтыр мәжілісте қаралған "белгілі бір тауар мен қызмет түрін жарнамалауға тыйым салу" отандық медиа нарыққа айтарлықтай шығын әкеледі. Табыс азайып, кадрларды қысқартуға әкеп соғады. Сондықтан заңға өзгеріс енгізгелі жатқан жұмыс тобының құрамына қауымдастық өкілдерін қосуды сұрап отыр.

Елімізде букмекер кеңселердің жарнамасының төңірегінде дау басталғаны қашан. Өткен жылы депутаттар теледидар, радио және билбордтарда дәл осы бәс тігетін алаңдар жайындағы хабарламаларға тыйым салуды ұсынды. Бұл бастама құмар ойындарға тәуелділікпен күресудің бірден-бір жолы делінген. Бірақ жарнама индустриясының өкілдері мұнымен келіспей отыр. Өйткені құмар ойынға тәуелді адам бәс тігудің басқа амалын табады дейді.

Анна Тютькова, Орталық Азия жарнама қауымдастығының атқарушы директоры:

Букмекерлер жарнамасы отандық телеарналардан құрыса да, олар басқа интернет плафтормаларға, сайттарға кетеді. Ол шетелдік порталдар да болуы мүмкін. Спорт жарыстарының трансляциясының арасында жарнамасы шыққанда "бәс тігу" тетігін басады. Жарнама берушінің де, бәс тіккен адамның да ақшасы сыртқа кетеді. Осылайша аудиториямыздан да айырыламыз.

Дәрігердің нұсқаулығынсыз сатылатын дәрі-дәрмектерді жарнамалау жайы да қазір өзекті мәселе. Мамандардың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары аталған серіктестермен жұмысты тоқтатса, еліміздің медиа нарығы құрдымға кетеді. Яғни кірісінің шамамен үштен бірін жоғалтатынына сенімді.

Анна Тютькова, Орталық Азия жарнама қауымдастығының атқарушы директоры:

Мәселен, қалың көрермен жинайтын түрлі турнир мен чемпионаттар енді теледидардан көрсетілмейді. Одан бөлек, рецептсіз дәрі-дәрмек жайындағы хабарландыруларға да тыйым салынбақ. Бұл сарапшылар пікірінше , жарнама нарығын 25-30 пайыз шығынға ұшыратады. Біздің нарық 84 млрд теңгеге бағаланады. Егер 25-30 пайыз шығын туралы айтатын болсақ, онда бұл 25 млрд кем деген сөз.

Жетекші жарнама агенттіктері мұндай шектеуден көгілдір экран алдындағы көрермендер де зардап шегеді дейді. Яғни телеарналарда контент жасауға қаражат жетпесе, жұртты қызықтыратын өнімдер дайындалмайды.

Олег Бородулин, TV Media Advertising Agency директорының бірінші орынбасары:

Біріншіден, көрермендер үшін елімізде жоғалған контент кесірінен өнім азаюы мүмкін. Бүгінде сұранысқа ие жарнама берушілердің санаттарын қарастырайық. Бірінші орында фармацевтика өндірісі бар. Оның үлесі 20 пайыз. Оларды жарнамалауға тыйым салынса, тележарнама нарығы тоқырауға ұшырайды. Яғни өзіне қажет бюджетті ала алмайды.

Бірақ қауымдастық мүшелері қос серіктестікке қатысты жарнамаға кішігірім шектеу қажет екенін жасырмайды. Оны шенеуніктер сарапшылармен бірге қабылдауы тиіс. Букмекер орталықтар жарнамасының мазмұны, уақыты және көлемі жағынан өзгеріс енгізуге қарсы емес.

Анна Тютькова, Орталық Азия жарнама қауымдастығының атқарушы директоры:

Біріншіден, көлеміне келсек, радио мен теледидардағы жалпы жарнама көлемі 10%-дан аспауы шарт. Орналастыру уақыты бойынша ол туралы мәлімет балалар көрмейтін кешкі және түнгі уақытқа қойылуы тиіс. Ал мазмұны күнделіктегідей оңай байыту мүмкіндігі мен сәнді өмір салтын сыйлайтын жағын ғана емес, адамның үнемі ұтатынына кепіл берілмейтіні туралы да сөз қозғалуы керек.

Осылайша жарнама нарығына жауаптылар өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау керек дейді. Яғни жарнама дұрыс берілсе, көрерменге кесірі тимейді. Өздері де жапа шекпейді. Бірақ қаққан дабылдарына депутаттар мен шенеуніктер құлақ аспаған соң, енді үндеулерін ел президентіне жолдауға бекініп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде