Мәжіліс депутаты «Майқайыңға» жақын тұрып жатқан халықтың қаупін жеткізді
Павлодар облысында жүзге жуық отбасы үреймен күн кешуде. Осылай деп Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай дабыл қағып, «Майқайың» кенішіне, әсіресе опырылып құлаған жерге жақын орналасқан тұрғындардың жайына алаңдап отырғанын айтты.
Автор: Мерей Қалиасқар
17.01.2024
Жарқынбек Амантай, Мәжіліс депутаты:
— Кентте тұратын «Шанхай» атанып кеткен шағын аудан тұрғындары да алаңдап отыр. Оған себеп — шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен. Кен қазуда жарылыстардан үйдің іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықта орналасқан.
Депутат сол маңдағы қазба жүргізілген барлық аумақты оқшаулап, маңайдағы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
Еске салсақ, 4 қаңтарда «Майқайың-алтын» кенішінде төрт құтқарушысы бар автобус жер астына құлап кеткен. Оларды шахтада жарылыс дауысы мен түтінді байқаған оператор шақырған. Екі адамның мәйіті бірден табылды. Ал терең шұңқырға түсіп кеткен тағы екі адам мен автобусты шығару әзірге мүмкін болмай тұр. Себебі көлік құлаған жердің асты қуыс, бос кеңістіктің болуы жағдайды одан бетер қиындата түскен. Кедергілерге қарамастан үйіндіні аршуға тырысып жатқан құтқарушыларға да қауіп төніп тұр. Айта кетейік, мұндай апат ел тарихында ғана емес, әлемде де бұрын-соңды болмаған сияқты.
Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
— Біз басқа елдердің тәжірибесін зерттедік және мұндай оқиғаны еш жерден кездестірмедік. Бұл Қазақстанда бірінші рет болып отыр. Құтқарушылар мен жұмысшылар өте қиын әрі қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр. Кез келген уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қатер төнуі мүмкін. Топырақ жылжыса, техниканың төмен құлап кету қаупі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!