Мәжілісте электрокар мәселесін шешетін заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады
Тоқпен жүретін көліктерге арнайы тұрақ салыну керек. Себебі соңғы кезде үлкен сұранысқа ие электромобильдер өрт қауіпсіздігіне сай келмейді. Мәжілісте депутаттар «жасыл» автолардың мәселесін шешетін заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.
Автор: Айжан Шамшидин
17.01.2024
Мәселен, 2023 жылы ғана Қазақстанда 9 мыңға жуық электрокар тіркелген. Қытайдан ай сайын тасымалданып жатқан машиналарды арнайы қуаттандыру орталықтары әзірге тек ірі мегаполистерде бар. КТК арнасының тілшісі электромобиль иелерімен кездесіп, күнделікті тап болып жатқан кедергілерін өз аузынан естіді.
Арқаны кеңге салып интернет бетінде алқып-шалқып өмір сүретін блогер Бейбіт Әлібековтің автотұрағында көліктің түр-түрі бар. Соның ішінде элекрокарлардың үлесі бір төбе. 2018 жылдан бері «жасыл» көліктің рахатын көріп жүрген Әлібеков алдағы он жылда қазақстандықтар жаппай темір тұлпарын осы санаттағы машинаға ауыстырады деп отыр. Сәуегейлік етуіне себеп те жоқ емес. Мұндай машиналардың экологияға тигізер зияны аз, көлікті қуаттау құны да қалтаны қақпайды.
Бейбіт Әлібеков, блогер:
— Мен бұған дейін автомобильді қуанттандыру орталықтарына барғанда 1-2 машина ғана кезекте тұратын. Қазір электрокардың Алматыда көбейгенін байқаймын. Кәдімгідей кептелісте тұрып қаламыз. Бұл мені қуантады. Адамдар қоршаған ортаны ойлай бастады дегенге сенгім келеді.
Тоқпен жүретін машиналардың жай-күйін бүгін мәжіліс мінберінде егжей-тегжей талқылаған депутаттар жұрт жаппай көлігін электр қуатымен жарақтандырса, ілініп-салынып тұрған электр желілерінің жағдайы қалай болмақ деп отыр. «Экологиялық көліктердің қарасы артты» деп бөркімізді аспанға лақтырғанмен, электрокар қоятын тұрақтың жоқтығы, тоқпен қуаттайтын бекеттің аздығы әлі де басы ашық сұрақ.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
— Бүгінде 8600-дей электромобиль бар. Оның орташа тұтынуы өткен жылмен салыстырғанда 20 млн кВТ сағатты құрайды. Өйткені олар эконом электромобиль болғандықтан. 112 млрд элктроэнергия өндіріп отырып, он есе өскеннің өзінде бізге ол 200-300 кВт сағаты жеткілікті болады. Ал тұрғын үйлердің электр желілері не қатысты мәселесі төтенше жағдай министрлігімен бірге қарастырылуда. Қазір паркингтерде тез электрзарядтау құқығы жоқ.
Ал автосарапшы Олжас Оқас мұндай сәнді көліктерге елірту ұзаққа бармайды деген пікірде. Себебі бай-бағландардың «ойыншығына» айналған темір тұлпарлар уақыты жетіп істен шықса, не қуаттандырушы батареяларын, не темір қаңқасын утильге жіберетін полигонымыз жоқ. Мұндай «жасыл» машиналарды қарапайым тұрғын үй кешенінінің автотұрағына да қою қауіпті көрінеді. Себебі жалыны шарпыған бір көлік жанындағы басқа көліктерді жалмап кетері сөзсіз.
Олжас Оқас, автосарапшы:
— Әзірше электромобиль деген бай-қуатты азаматтардың мейнтсримге айналған ойыншығы секілді. Қазір ойнап, кейін бірдеңе қыламын деген сияқты. Алайда мұның артында үлкен мәселе жатыр. Қазір елімізге мыңдап кіргізіліп жатқан қытайлық элктромобильдердің болашақ тағдыры белгісіз. Инфраструктура мәселесі шешілмеген. Алматы-Астана, Алматы-Шымкент сияқты дамытатын негізгі бағыттарда 200-300 шақырымнан кейін қуатталуға мүмкіндік беретін станциялар да жоқ.
Дегенмен мұндай көліктерге көптің әуестігін байқай сала қолынан келгендер қонышынан басып жатыр. Қуаттандыру қондырғыларын Қытайдан 3 миллион теңгеге сатып алып, күні-түні электрокарын зарядтауда.
Ермахан Абдуллаев, автопарк иесі:
— Қазір жаңа үрдіс шықты. Электромобильдер өте танымал бола бастады. Сол үшін біз Қытай елінен 10 электрокарды тапсырыспен алып келдік. Бізде көп қиыншылық болды. Өйткені электрэнергиямен қуаттаушы табу өте қиын болды. Арнайы осы екі станцияға бола екі қуаттаушы құрал алдық.
Депутаттар жеке тұрғын үй кешендерінің автотұрағында арнайы заряд құрылғыларын орнату кезінде міндетті түрде сол үйдің тұрғындарының пікірі ескерілу керек деп отыр. Сондай-ақ мұндай санатты көліктер тұратын орынды аранайы өрт өткізбейтін қабырғамен бөліп қою жоспарда бар.
Қытай алдағы 6 жылда толықтай жанар-жағармаймен жүретін көліктен бас тартпақшы. Алайда Қытай елінде электркарға бар жағдай жасалған. Мәжілістің бүгінгі қызу пікірталасында бір емес, бірнеше депутат жанармай станцияларын тоқпен қуаттайтын орын ашу керек деген пікірді айтып қалды. Жаңа жолдарды салу кезінде де арнайы орын белгіленіп, тоқпен жабдықталады-мыс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!