ШҚО: Алтай ауданында 43 градус аяз, бірқатар елдімекен әлі қар астында
Шығыс Қазақстан облысындағы қалың қардың соңы сақылдаған сары аязға айналды. Бүгін өңірде суық күн райының рекорды тіркелді. Мәселен, Алтай ауданында сынап бағынасы 43 градусқа дейін темендеген. Ал бірқатар елдімекені қалың қар астында қалған. Марқакөлдіктер сақырлаған сары аязда әлі ақұлпамен алысып жатыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
18.01.2024
Мақакөлдіктердің қалың қар астында қалғанына он күннен асты. Қараша үйдің ауласындағы биіктігі екі метр қарды тазалап біте алатын емес. Қазір қарлы бұрқасынның беті қайтқанымен, сақырлаған сары аяз қыспаққа алып жатыр. Бүгін өңірде сынап бағынасы 30 градусқа төмендеген. Сондықтан елдімекендердегі мектеп оқушылары жаппай қашықтан оқуға көшті. Ал аудандық билік қатынас үзілген алты ауылдың жолын әлі ақұлпадан аршып жатыр.
Алмат Ақышов, Күршім ауданының әкімі:
— Төсқайың, Балықты бұлақ, Бұғымүйіз, Шанағатты ауылдарына бүгінде жол жоқ. Дегенмен де облыс әкімінің тапсырмасымен тікұшақпен дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізілді. Соныменқатар науқас адамдар және оқыс оқиға болған жағдайда тікұшақ үнемі алып кетуге дайын.
Қыс қаһарын Шығыс жұрты шынымен сезіне бастады. Себебі өңірде енді аяз қысып тұр. Мәселен, Алтай ауданында сынап бағынасы 43 градус суықты көрсетіп, тіршілікті тұралатып тастады.
Надежда Говоркова, ШҚО бойынша "Қазгидромет" РМК жетекші инженер-синоптигі:
— Ертең де күн райы суытады. Өскеменде 28-30 градус, ал Алтай ауданында 35-39 градусқа дейін аяз сақталады. Күршім және Үлкен Нарын аудандарында да сынап бағынасы төмендейді. Марқакөлде де күн суытады.
Аймақта аязға байланысты Риддер шаһары мен алты ауданның мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілген. Ал «Қазгидромет» мамандары, Шығыс Қазақстан облысында ауа райы құбылмалы болады дейді. Яғни кей жерлерде қар жауып, аяз күшеюі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!