POS-терминал, QR код. Тек қолма-қол төлем талап етсе, шағымдануға болады
Заңды жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлер саны артып келеді. Салықшылардың қырағы көзіне түсіп қалмаудың жалғыз жолы - әділ әрі ашық бизнес екенін көбі түсінген. Олар төлемді қолма-қол емес, POS-терминалдар немесе QR код арқылы қабылдаған жөн деп санайды. Оның үстіне тұтынушылардың 90 пайызы төлемнің осы түрін құп көреді. Онлайн-кассаның кәсіпкерлер үшін басқа да тиімді тұсы көп.
Автор: Әсем Лесбек
18.01.2024
Саид Тахировтың кәсіппен айналысқанына алты жылдан асқан. Оның қалада ерлерге арналған жеті салоны бар. «Клиенттерден ақшаны қолма-қол емес, QR арқылы POS терминалмен қабылдап жүрміз. Заңға қайшы әрекет жасамаймыз, тек салық көлемін біраз азайтса», - дейді кәсіпкер.
Саид Тахиров, жеке кәсіпкер:
— Егер салық көлемі төмен болса, көбі POS терминал арқылы төлем қабылдауға көшетін еді. Заңсыз әрекет азаяды. Өз басым жеке кәсіпкер болып тіркеліп жұмыс істеп жүрмін. Тіркелу кезінде ешқандай мәселе туындамады. Басқа кәсіпкерлерге де кеңес беремін.
Ал кәсіпкер Заринаның сауда-саттық саласында жүргеніне 10 жылға жуықтаған. Оның мүсінді қалыпқа келтіруге арналған бірнеше орталығы бар. Студияларында төлемді тек POS терминалмен қабылдайды.
Зарина Гұсман, жеке кәсіпкер:
— Кәсібіңді Қазақстанда домалатқың келсе, әрине, тек заң аясында жұмыс істеу қажет. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, белгіленген салықтан бас тартпау керек. Қазір көптеген банктің өз терминалы бар. Және олар оны бізге тегін береді.
Бизнесті дөңгелетуге арнайы терминалдар үлкен үлес қосуда дейді кәсіпкер. Банк қосымшасы арқылы QR төлемін пайдаланады. Касса аппараты да бар.
Зарина Гұсман, жеке кәсіпкер:
— Менің кәсібімнің Қазақстанда 13 бөлімшесі бар. Күн сайын әр қаладан түскен табыс көзін бақылап отырамын. Және маған, керісінше, қаражаттың қолма-қол емес, шотыма келіп түскені жақсы. Қаражатым тікелей өзіме келеді.
Төлемді қолма-қол жасамаудың ыңғайлы тұсы көп. Мұны Петропавлдағы кафенің иесі де жақсы түсінеді. Күніге ондаған клиент қабылдайтын дәмхана қожайыны онлайн-кассаның арқасында ақшадан да жаңылыспайды, қосымша шығын талап ететін есепшінің қызметінен де бас тартқан.
Александра Ибраева, жеке кәсіпкер:
— Кәсіпкерлердің біздің терминалмен жұмыс жасайтынымызға бір жылдан асты. Салықты ай сайын үзбей төлеп тұрамыз. Әрбір түбіртек кассадан өтеді. Барлығы салық басқармасында шығып тұрады.
Еске салсақ, тек қолма-қол төлем талап етуге заң бойынша ешкімнің құқығы жоқ. Мұндай жағдайға тап болған кез келген азамат Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне шағымдана алады. Қағаз ақша сұрағыштар QR төлеміне әбден үйреніп қалған клиенттерінен айырылып қалу қаупі өте жоғары. Дегенмен қазір заңнан ауытқымай жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлер көбейіп келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!