{metadescription}
«Кешір мені ...». «Хабар» агенттігінің экс-басшысы Владимир Рерих мезгілсіз дүниеден озды
«Кешір мені ...». «Хабар» агенттігінің экс-басшысы Владимир Рерих мезгілсіз дүниеден озды

«Кешір мені ...». «Хабар» агенттігінің экс-басшысы Владимир Рерих мезгілсіз дүниеден озды

Қазақстандық тележүргізуші, «Хабар» агенттігінің экс-басшысы Владимир Рерих мезгілсіз дүниеден озды. Әріптесіміздің 66 жасында өмірден өтуіне жүрек талмасы себеп болған. 2012 жылдан бері Германияда тұрып жатқан марқұмның денесі сондағы анасының жанына жерленеді.

Журналистің қазасы жайлы оның бұрынғы жұбайы Дана Нұржігіт әлеуметтік желіде қабырғаны қайыстырар жазба қалдырды. Әріптестері де саналы ғұмырын журналистикаға арнап, артында өшпеc шығармашылық мұра қалдырған Владимир Рерих жайлы бүгін жылы естеліктерімен бөлісті.

Ажалдың құрығы белгілі журналист, медиаменеджер Владимир Рерихқа да түсті. Марқұм кеше Берлин қаласында жүрек талмасынан өмірден өткен. Бұл хабарды бірінші болып бұрынғы жұбайы, белгілі тележүргізуші, журналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Танысқанынан бастап бірге өткізген уақыттарын еске алған ол, осыдан бір ай бұрын ғана ұлымен бірге арнайы Германияға барған екен.

Дана Нұржігіт:

Желтоқсанда барамыз деп Берлинге билет алғаным жоспарлы сапар болған жоқ, қазан айында өзімнен-өзім баланы саған апарғым келді. Соңғы кездесу боларын кім білген, Володя! Анаң Эмма Александровна, менің аяулы енемнің қасына кеттің… Балаң өзіңді көріп, биылғы туған күніңмен бірінші болып құттықтағаны соңғы рет екен ғой… Мына дүниеден тыныш таппаған, түсіністік таппаған жаның жәннәттан рахат тапсын. Кешір мені!

Владимир Рерих 1958 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Марқұм бүкіл ғұмырын журналистикаға арнап, осы салада адал еңбек етеді. 1996 жылдан бастап "Хабар" агенттігінде жеті жыл бойы басшылық лауазымда қызмет атқарған. Сондай-ақ жеке авторлық "Поздний Рерих" атты телебағдарламасын да жүргізген. Сол заманда бірге қоян-қолтық жұмыс істеген әріптесі марқұмның жанкешті маман болғанын алға тартады.

Арман Қарабаев:

Оның медиаменеджерлік қабілеті өте мықты еді. Алғырлығының арқасында уақытты ұтымды пайдаланып, бар зейіні мен махаббатын тек жұмысқа ғана арнайтын. Әмбебаптығының арқасында кез келген адамның санасы жете бермейтін тың идеялар бірінші болып соның ойына келетін. Володя журналистикадан бөлек, деректі фильмге ат салысып, авторлық бағдарлама да ашты. Бірақ өзінің жеке жобасына уақыт бөле бастағанында, керісінше, эфир жетпей жатты. 

Экс-әріптесі айтып өткендей, Владимир Рерих алғаш еңбек жолын "Кеңестік Казақстан" киножурналында режиссердің көмекшісі, редакторы болып бастаған. Артынша "Қазақфильм" киностудиясында режиссер, сценарист және көркемдік жетекші қызметін қатар атқарады. Рерих журналистикадан бөлек, кино мен деректі фильмдердің де майын ішіп, жілігін шаққан жан. 

Игорь Пискунов, режиссер:

Ол маған сценарий жазып берді. Біздің соңғы «Молитва» атты қысқаметражды фильміміздің режиссері Эля Гильман. Туынды бірнеше халықаралық Сочи фестивалінде, Санкт-Петерборда ең үздік қысқаметражды фильм атағына ие болды. Сол сәттегі Володяның қатты қуанған және өз-өзіне риза болып, мақтанғаны есімде. Арқамнан қағып «Қағазға жазған дүниемді, ақыры экраннан көрдім. Саған көп рахмет» дегені бар.

Осылайша марқұмның түрлі телеарналарда «Майдан», «Что делать?», «Формула личности» атты деректі фильмдері жарық көрген. Одан бөлек Владимир Рерих 2006 жылы Еуразиялық медиафорумның бас продюсері болды. Ал 2012 жылы Германияға қоныс аударады. Сөйтіп онда да журналистикадан алыстай алмай, соңғы жылдары Youtube-те авторлық жобалар жасаумен айналысқан. Марқұмның артында бірінші әйелінен бір ұл, бір қызы қалды. Сондай-ақ танымал журналист Дана Нұржігіт екеуінің ортақ баласы бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде