Хронология: Түнгі зілзаладан тыныштығы бұзылған Алматыдағы жағдай
Жер сілкінісінен ұйқыға енді жатқан жұрт абдырап қалды. Үрейленген көпқабатты үй тұрғындары бірден далаға ұмтылған. Жер бір минуттай тербеліп барып басылды. Арасы ұзамай екі-үш дүмпу тағы сезілді. Қорыққан халық қала сыртында тұратын туған-туысын жағалап кетсе, енді бірі ауылына тартқан.
Автор: Әсем Лесбек
23.01.2024
Соның салдарынан мегополистен шығатын жолдарда кептеліс туындап, жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Тауда орнатылған бейнебақылау камерасына түсірілген мына кадрлардан денең түршігеді. Қала бір минуттан астам уақыт қала теңселіп тұр. Кейбір аудандарда жарық сөніп қалған.
Бірі шырт ұйқыда жатқан жерінен шошып оянса, екіншісі сауық-сайран құрып жатқан. Жер сілкінісі басталған сәтте шайқалған шамдар мен қозғалған жиһаздарды асықпай ұялы телефонына түсіріп жатқандар да табылды. Енді бірі аязда дірдектеп тұрса да, туған -туысқандарына хабарласып амандығын біліп жатыр.
— Алматыда сұмдық жағдай, зілзала қатты болды. Қараңдар, адамдардың бәрі далаға шықты. Құдай сақтасын, қатты қорқынышты.
Жарты сағаттан кейін тағы 2 балдық жер дүмпуі тіркелді. Үрейі одан сайын үдей түскен, әсіресе көпқабатты үйлердің тұрғындары аязға қарамастан далада жүрді. Осы сәтте пайда көздеп, қалтасын қалыңдатқысы келген такси жүргізушілері де көбейді. Қаладан Ұзынағашқа дейін жету екі мың теңге болса, өткен түні тариф 40 мың теңгеге дейін көтерілген. Тұрғындар тіпті жалға алатын көлік таппай қалған. Ал Төтенше жағдайлар департаментінен сейсмоахуал жайлы алғашқы ақпарат мессенджерлерге шамамен 40 минуттан кейін тарай бастады.
Нұрлан Атығаев, Алматы ТЖД бастығы:
— Құрметті Алматы қаласының тұрғындары! Қазіргі уақытта Алматы қаласының тұрғындары сейсмикалық жағдай тұрақты. Қала әкімінің басшылығымен штаб ашылды. Барлық сұрақтар бойынша 782083 және 782084 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Кейін қала әкімі Ерболат Досаев жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді. Полиция қызметкерлері де қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстаумен болды. Десе де бұл абыр-сабыр болған халықтың қорқынышын сейілте қоймады. Көбі қала сыртындағы жер үйде тұратын туған-туыстарына қарай ағылған.
Табиғи апат ұшақтардың қонуына да әсер еткен. Зілзала кезінде қаланың әуежайына төрт ұшақ қона алмаған. Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, арасында Астана - Алматы бағытындағы әуе кемесі болған. Ол төтеншще жағдайға байланысты Түркістанның қосымша аэродромына қоныпты.
Төрт әуе кемесіне жер сілкінісі туралы хабар беріліп, аэродром аймағында күту ұйымдастырылды. Кейінірек аэродромды басқару орталығының басшысы мұнарадан эвакуациялауға шешім қабылдады. Аэродромды басқару орталығында әуе қозғалысын басқару 20 минутқа жалғасты. Одан әрі жерасты дүмпулері тоқтаған соң, аэродромды басқару орталығы жұмысын қайта бастады. Сағат 00:39-дан бастап әуежай штаттық режімде жұмыс істей бастады. Қосалқы аэдромға аттанған рейс Түркістаннан сағат 02.32-де Алматыға қайта ұшып, 03.34-те сәтті қонды.
Таңғы сағат сағат бес шамасында қуаты екі жарым балдық тағы бір дүмпу сезілді. Қазір жер сілікінісіне байланысты жедел желі жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, кеше түнде байланыс орталығына 377 қоңырау келіп түскен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!