Алматыдағы зілзала: Хабарлама келмей, дабыл қағылмаған себебі ..
Хабарлама келмеді, дабыл қағылмады. Зілзаладан әбігерге түскен алматылықтар төтеншеліктердің жұмысына көңілі толмай әлеуметтік желіде мұңдарын шағып жатыр. Расымен де, жер сілкінісі болады деген СМС басым бөлігіне кеш түскен. Ал апат кезінде қағылатын дабыл сол күйі соғылмады. Мұның себебін КТК тілшісі төтеншеліктерден біліп келді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
23.01.2024
Алматының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқаны бәрімізге мәлім. Бірақ өткен түні болған 5 балл жер сілкінісінің қауқары мұндай болады деп ешкім ойламады. Әдетте ауа райына қатысты немесе жолдың жабылғаны туралы ескертулер алдын ала уақтылы келіп тұрады. Бірақ бұл жолы 112-ден хабарлама кеш жетті. Соның салдары аласапыран мен жанталасқа әкеп соқты. Тұрғындар ұйқысынан атып тұрып жартылай жалаңаш тасаға ұмтылса, кейбірі тіпті жуынып жатқан жерінен сыртқа шығып кеткен. Далада дірдектеп тұрғандар қайда барып не істерін де білмейді. Мұның бәрі уақтылы келмеген хабарламаның кесірі дейді жұрт. Төтеншеліктер СМС-тің жіберілмеуін былай түсіндіріп отыр:
Нұрлан Атығаев, Алматы қалалық ТЖД бастығы:
— Тәжірибе көрсеткендей, SMS хабарламаларды жедел жібергенде, бұл дерек қала тұрғындарына кеш жетеді. Бұл халықтың тығыздығымен байланысты. Ұялы байланыс операторларының ақпаратты өңдеуге уақыты жоқ, сәйкесінше жедел ақпарат кеш келеді. Ал ауа райы бойынша «Қазгидрометтен» ақпаратты алдын ала алып, бір күн бұрын тұрғындарға ауа райы ақпаратын жібере бастаймыз. Жер сілкінісі жағдайында SMS-хабарлама таратудан ақырындап алшақтадық.
Жақсы, СМС хабарламаның жәйі түсінікті. Ал қағылмаған арнайы дабыл ше? Алматыда қазір 800-ден астам дабыл жүйесі бар екен. Оған былтыр ғана 1 млрд 100 млн тг жұмсалған. Бірақ өткен түні соның біреуі де соғылмады. Сөйтсек, төтеншеліктер елді шулатып дүрбелең туғызғысы келмепті.
Нұрлан Атығаев, Алматы қалалық ТЖД бастығы:
— Жер сілкінісін анықтайтын станциялар 5,5-тен жоғары балл көрсеткенде электродабыл қосылады. Өйткені 6 балдан бастап зардап шеккендер де, ғимараттардың бұзылуы да болуы мүмкін.
Радио-телеэфир трансляциясына қосылып жұртты сабырға шақырмағанына да жұрт шағымдануда. Әсіресе қолында смартфоны жоқ зейнеткерлер абдырап қалған. Сондай-ақ зілзала кезінде халық жиналатын орындардың кейбірі жабық болғаны айтылды. Бірақ «тексеріс жүргіздік» деген төтеншеліктер қаладағы бүкіл нысан ашық болды деп отыр.
Қазір Алматыда жер сілкінісі кезінде тұрғындар жиналатын 384 нысан бар. Оның 229-ы — мектеп, қалғаны балабақша. Өйткені бұл ғимараттар көпқабатты үйлерге қарағанда анша-мұнша дүмпуге төтеп бере алады. Өткен түні 11 мыңнан аса тұрғын аталмыш нысандарға жүгірген. Арасында 3500 бүлдіршін бар. Таңға жуық бәрі ақырындап тарапты. Сондықтан бірінші ауысымда оқитын сыныптарда бүгін сабақ болмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!