Атырауда соқталдай азаматты жарымжан еткендер бостандықта жүр
Атырауда аяқ-қолы сау адамды мүгедек қылғандар жазадан жалтарып кетуі мүмкін. «Себебі іс созбалаңға салынып кетті», - дейді жәбірленушінің туыстары. Тіпті күдіктілер ұсталып, қамауға да алынбапты. Керісінше, атпалдай азаматты оңбай соққыға жыққандар ұрып-соқты деп бес полицейді де соттатып жіберген. Ал құзырлы органдар істі бір-біріне сілтеп қол қусырып отырған көрінеді.
Автор: Жанат Молдашова
23.01.2024
43 жастағы Саламат Жексемали қазір екінші топтағы мүгедек. Оны өткен жылы ақпан айында достары дүкен маңында ес-түссіз жатқан жерінен үйіне әкеліпті. Содан бері науқас ес жимаған, тілге де келмеген. Біраз уақыт ауруханада жатқан азаматтың денесінің сау-тамтығы қалмаған.
Нұргүл Жексемалиева, Саламаттың әкпесі:
— Бірге отырған достарынан зәбір көрген. Таяқ жеген. Ұрған. Мүгедек болып қалды. Ол достары қазір бостандықта жүр. Оларды ешкім тергеп-тексеріп жатқан жоқ. Менің інімнің құқығы тапталып, мүгедек болып, дұрыс сөйлей де, жүре де алмайды. Осындай жағдайда отыр. Бір жыл болды, бұл істің қаралып, істің созылып жатқанына.
Саламаттың туыстары достарынан күдіктенеді. Өйткені оған бірнеше дәдел де бар дейді. «Ес-түссіз күйінде даладан тауып алдық» деген куәгерлер кейін басқаша сайрапты.
Нұргүл Жексемалиева, Саламаттың әкпесі:
— Басында Саламатты дүкеннің қасынан тауып алдық деп айтайық деген, ініме келіп кешірім сұрағандары бар. «Біз емес» деп алып, «жағдайыңды жасаймыз, ақшаны, емге бәріне төлейміз» деп, келген сондай дәлелдері бар.
Қазір соқталдай азаматты жарымжан еткендер бостандықта жүр. Өйткені күдікті азамат тергеуде тәртіп сақшылары ұрып-соқты деп арыз жазып, бес полицей сотталып кеткен. Ал мүгедек болып қалған Саламат Жексемалының ісі сол күйі қозғалмай тұр деп ашынады туыстары. Тіпті құзырлы органдардан жарытып жауап ала алмай жүргендер Атырау облыстық прокуратурасына барды. Бірақ қадағалаушы орган өкілдері бұл жолы да түрлі сылтау айтып шығарып салған.
Шыңғыс Нәсіпқали, Атырау облысы прокуратурасының басқарма бастығы:
— Бізде сотқа дейінгі тергеп-тексеру бекітілген. Ол бізде қазір сыбайлас жемқорылққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті. Қазір қылмыстық іс солардың өндірісінде. Бірақ сізге қылмыстық іс бойынша нақты ақпарат керек болса, сауал жібересіз, облыс прокрорына немесе тергеу органына.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Саламат Жексемалиге қатысты іс 12 қаңтарда прокуратураға жолданған дейді. Осылайша бұл қылмыстық істің соңы сиырқұймышақтанып кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!