Зілзала: Алматыда біраз ғимаратқа зақым келген, ТЖД тексере бастады
Алматыда зілзала кезінде біраз ғимарат зақымдалған. Тұрғындар әлеуметтік желілерге үйіндегі сызатты көрсетіп жарыса салып жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті мұндай баспаналарды біртіндеп аралап, тексеруді бастады. Бірақ шығын көлемінің қалай және қашан өндірілетіні әзірге белгісіз.
Автор: Әсем Лесбек
24.01.2024
Қала орталығындағы 13 қабатты үйлер үш жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Наргиз Ахметованың да бұл жерге көшіп келгеніне көп болмапты. Кешегі жер сілкінісі кезінде жаңа пәтерінде сызаттар пайда болған.
Наргиз Ахметова:
— Сол күні қызыммен үйде болғанмын. Кенет гүрілдеген дауыс шығып, есік-терезенің бәрі қимылдап кетті. Тіпті ілулі тұрған перденің өзі түсіп қалды. Ертеңіне қарасам, қабырғаға сызат түсіпті. Сатып алғанда мұның біреуі болмаған еді. Әкімдік қарап, бағасын береді деп ойлаймыз.
Бұл кешеннің подьезіндегі қабырғалар да жарылып кеткен. Сөгіліп, сызат түскен жері көп. Ал салынғанына жарты ғасырға жуықтаған үйлерде өмір сүру қазірдің өзінде қорқынышты. Мұндағы жарылған жерлер әлдеқайда терең.
Галина Мозер:
— Қабырға жайден-жай жарылмайды ғой. Барлық қабатта да осындай сызат түскен. Үгітілген жер көп. Білмеймін, ендігі зілзаладан қорқамын. Себебі апат болғанда үйдің бәрі қозғалып кетті. Үймен қоса құлап кетеміз бе деп қорықтық.
Жер сілкінісінен кейін қалада шағымданғандар еселеп артты. Көбінің үйінің қабырғалары жарылып, төбесіне сызат түсіпті. Қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаменті қазір арнайы комиссия құрып, баспаналарды аралап жүр.
Ербол Әлімқұл, Алмалы ауданы ТЖБ бастығының міндетін уақытша атқарушы:
— Жұмыс тобы құрылды. Сол жұмыс тобында әкімдік өкілдері, төтенше жағдайлар қызметінің басқармасының өкілдері, құрылыс сәулет басқармасының бірқатар құрамасы кірді. Қазір комиссия мүшелері тексеріп біткеннен кейін эксперт ұйымдарды шақырады. Тәуелсіз. Олар барлық өлшемді көргеннен кейін ары қарай құзырлы органдарга беріледі. Шығыннын қаншалықты болғанын есептеу жүргізіліп жатыр.
Келтірілген шығын қалай өтелетіні әзірге белгісіз. Зілзаладан Алматы облысында да 44 ғимаратқа зақым келген. Арасында қабырғасы бүлінген аурухана мен білім беру орталықтары да бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!