{metadescription}
Алматыда бір күнде саяжай мен жер үйді жалға алғандар саны төрт есе өскен
Алматыда бір күнде саяжай мен жер үйді жалға алғандар саны төрт есе өскен

Алматыда бір күнде саяжай мен жер үйді жалға алғандар саны төрт есе өскен

Біреуге — жан, біреуге мал қайғы. Зілзаладан кейін Алматыдағы жер үйлерге сұраныс артқан. Небәрі бір күннің ішінде саяжай мен баспаналарды тәулігіне жалға алғандардың саны да төрт есеге өсіпті. Сәйкесінше баға да көтерілген. Ал көпқабатты үйлердегі пәтерге сұраныс енді қандай болмақ? Баспана бағасына қатысты риелторлардың болжамын КТК тілшісі біліп келді.

Алматыда негізі тәулігіне, айына жалға берілетін баспаналар жетіп-артылады. Қаланың ортасы болсын, шеті болсын, шертіп жүріп таңдайсың. Ұсыныс көп. Бірақ соңғы уақытта бұл нарықта сұраныс айтарлықтай мәз болмаған. Баға сәл болсын сабасына түскендей еді. Бірақ, зілзаладан кейін өзгеріп шыға келген. Өйткені, жоғарғы қабатта зілзаланы әлдеқайда қаттырақ сезген тұрғындар өз үйін жаппай тастап кеткенін көз көрді. Қалтасы қалыңдар түнді өйтіп-бүйтіп өткізіп, бірден жалға берілетін жер үй мен саяжайларды іздеп кетіпті. Сәйкесінше, сұраныс көбейіп, баға да өзгеріске ұшырады дейді риелторлар.

Қуаныш Шәріпов, риелтор:

Мысалы, мен жаңа жылға дейін 115 шаршы метрді 700 мың деп қойған едім, жеті қабатты үйдің екінші қабаты. Жер сілкінісі болмай тұрып мен оны өткізіп тастаған едім, 600 мыңға. Енді жер сілкінісі болғаннан кейін адамдар хабарласа бастады. Өйткені бәрі қаша бастаған. Жер үйлерге де бағаны өте қымбат қойып қойған. Өйткені, мысалы, бір жарым миллион деп тұрған үйлерді 2 миллион деп қойған. Миллионға өткізе алмағандар қазір 1 жарым миллион деп қойған.

Үйдің құны әлі де өзгеретінін шетелдік тәжірибеге сүйенген мамандар да айтып отыр. Яғни көпқабатты баспаналардағы пәтер бағасы арзандап, ал жер үйлердің құны өсуі мүмкін. Бірақ бұл уақытша құбылыс, нарық реттелген соң бәрі қалпына келеді дейді.

Бауыржан Бектаев, бағалаушы:

Қысқаша мерзім ішінде пәтер бағасы 10-20 пайыздың арасында болуы мүмкін. Ал жер үйдің бағасын өсірсе 10 пайызға өсіруі мүмкін. Өткен жылы Түркияда болған жер сілкінісінде қысқаша мерзімде сұраныс азайып кетті. 3-4 ай өткеннен кейін сұраныс ақырын орнына келді. Айтарлықтай түсті деп айтуға болмайды.

Қазір жер үйлер мен төменгі қабаттағы пәтерлердің саудасы қызып тұр. Сұраныс артқан сайын баға шарықтайды. Бұл заңдылық. Бірақ сол сұраныстың қаншалықты ұзаққа созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде