Электронды темекіні әкелуге, сатуға, таратуға, өндіруге тыйым салатын заң мақұлданды
Вейп сатқандар енді 5 жылға дейін жаза арқалайды. Бүгін Мәжіліс ел аумағына электронды темекіні әкелуге, сатуға, таратуға және өндіруге тыйым салатын заңды мақұлдап Сенатқа жолдады.
Автор: Мерей Қалиасқар
24.01.2024
Гүлдара Нұрымова, Мәжіліс депутаты
— Бұдан басқа заң жобасында вейптертерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салуды белгілеу көзделген. Заң жобасының нормаларын талқылау бойынша жұмыс тобының 35 отырысы және комитеттің кеңейтілген отырысы, 12 жұмыс жиналыстары, екі алқа жиыны өткізілді.
Заңға сәйкес, енді вейпті сатқандар 50 тәулікке қамалады. Қайталанса, жаза мерзімі де қатаңдатыла береді. Ал электронды темекіні таратқандарға, ұйымдасып елге әкелгендерге немесе жасағандарға 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жастар, әсіресе мектеп оқушылары арасында соңғы уақытта белең ала бастаған вейптердің денсаулыққа зияны туралы мамандар талайдан бері айтып жүр. Буының құрамында улы химиялық заттары көп темекенің бұл түрін қолдануға әлемнің 40-қа жуық елінде қатаң тыйым салынған.
Осыған ұқсас себептермен 2020 жылы кальян шегуге де тыйым салынған болатын. Әзірге тек қоғамдық орындарда қолдануға болмайды. Депутаттар бұл шара тиісті нәтижесін бермеді есептейді. Сондықтан вейппен бірге кальянға да түбегейлі шектеу енгізу қажет дейді депутат Дәулет Тұрлыханов.
Дәулет Тұрлыханов, Мәжіліс депутаты:
— Кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені үш жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес. Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашиш те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан кім бар?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!