Шымкентте тозығы жеткен құбырлар жарылып, үйлерді нәжіс суы басты
Шымкентте кәріз құбыры жарылып, көшелер мен тұрғын үйлерді нәжіс суы басты. Оқыс оқиға кеше кешкісін қаланың Оңтүстік деп аталатын ескі бөлігінде болған. Құбырдан атқылаған лас су алты сағат бойы төменде орналасқан көшелерге жайылған.
Автор: Бек Әбиев
24.01.2024
Махсуда Наржиева:
— Үйге кіріп кетуге екі сантиметр қалды. Сасық кәріз суы. Қорықтық, бақшамызды су алып кетті. Құлпынай, гүлдеріміз бар еді. Бәрі енді жарамсыз боп қалды.
Құбыр жарылып нәжіс суы атқылай бастаған кезде тұрғындар дабыл қаққан. Бірақ коммуналдық мекеме тек төрт сағаттан кейін келді деп отыр. Бұл уақытта лас су бірнеше көшені былғап, төрт үйдің ауласына кірген. 20-ға жуық техникамен түні бойы су сорғызылып, 300 үй судан ажыратылған. Құбыр таңға жуық жамалып, жұртқа су берілді дейді жауаптылар. Қазір аулаларға жайылған сасық иісті жою үшін хлор себіліп кептіріліп жатыр.
Ал қаланың коммуналдық мәселесіне жауаптылар бұл аудандағы кәріз жүйесі 55 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген дейді.Сондықтан темір құбырлар шіріп осындай жағдай болып отыр. Егер шіріген жүйені дереу жаңаламаса, апат алдағы уақытта тағы қайталануы мүмкін.
Дашти Даштиев, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС кәріз жүйесі бөлімінің басшысы:
— 1969 жылы қолданысқа бергеннен бері ағымдағы жөндеу кестеге сәйкес жүргізілген еді. Енді 50 жылдан асқан кәріз жүйесі ғой, тозығы жеткен. Осыны ауыстырып, жаңа құбыр тартуды қарастырамыз. Мерзімін нақты айта алмаймын, оны жоспарға қоямыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!