Зілзаланы алдын ала хабарлайтын миллиардтық жүйе неге істемеді
Алматыдағы зілзала кезінде халықтың уақтылы құлақтандырылмауы үлкен дүрбелеңге себеп болды. Бүгін мәжілісмендер осындай олқылыққа жол берген құзырлы органдарды сынады. Ал айтып келмейтін апатта байланыс операторлары жылдам SMS-ескерту жіберуге мүдделі емес екен. Себебі олар барлық шығынды өз қалтасынан шығарады.
Автор: Айжан Шамшидин
24.01.2024
Мәжілісте цифрлық даму министрлігі алматылықтарға хабарламаның не себепті төрт сағатқа кешіктірілгенін түсіндіріп берді.
Асхат Оразбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
— Азаматтық қорғау заңының 6-бабына сәйкес, байланыс операторлары жаппай SMS-хабарлама жіберуге міндетті. Ескертпені жібергенімен, оның тез жетуіне олар жауап бермейді. Барлығы өз қаражаты есебінен жүзеге асқандықтан, олар асқан жылдамдықпен ескертпе жасауға асықпайды. Оған төтенше жағдай кезінде оқиға, жағдай туралы жедел хабар таратуға байланыстың нашарлауы да себеп.
Жауапты сала өкілдері мәселені тез арада шешу үшін тұтас Қазақстан аумағында смартфон экранының жоғарғы жағында пайда болатын жедел хабар алмасу жүйесін енгіземіз деп отыр. Ол қосылса болды, апатты жағдай туралы ескертпе бірнеше секундта жаппай таралады екен. Тіпті төтенше жағдайлар министрлігі су жаңа жүйені сынақтан өткізіп қойған. Қажет қаражат та жуырда Үкіметтен сұралмақшы. Дегенмен соманың нақты қанша екені көпшілікке жария етілмеді.
Негізі жер сілкінісін алдын ала хабарлайтын жүйе Алматыда былтыр ғана енгізілген. Сол кезде хабарлама дереу әкімдік пен төтеншеліктерге жеткізіліп отырады делінген және бір миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалды. Бірақ сол мақтаулы жүйе істі мандытпаған сияқты. Енді антикор соны орнатқан компанияны тексереді.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
— Аталған факті бойынша «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне өтініші түсті. Арыз тіркелді. Оның материалдары құзырлы органдарға тексеруге жіберілді. Нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!