«Тұмса табиғатты талқандады». Түлкібастықтар алтын барлаушыларға қарсы шықты
Түркістан облысында ауыл тұрғындары алтын барлаушы компанияның жұмысын тоқтатып тастады. Түлкібас ауданында жер қойнауын қопарып, бағалы металл іздегендерге жергілікті жұрт қарсы шықты. Себебі жиналғандар Қайыршақты мен Қарағашты өзендерінің суы тартылып, балығы қырылып жатыр дейді.
Автор: Бек Әбиев
24.01.2024
«Тұмса табиғатты талқандады» деген тұрғындар барлаушылардың техникасын тоқтатып, жұмысшылардың қайтуын талап етті. Ал рұқсат құжаты түгел екенін алға тартқан кәсіпкер жұмысты тоқтатуға құлықсыз.
Қайыршақты мен Қарағашты өзендерінің бойына қоныс теуіп, малмен күнелтіп жатқан бірнеше ауыл екі жылдан бері жайылым жер мен өзен-суынан айырылған. «Қойнауын зерттейміз» деген желеумен кірген алтын барлаушы компания тұмса табиғатты талқандап тастады дейді жергілікті жұрт. Сол компанияның бар-жоғы екі жыл ішіндегі әрекетінен кейінгі көрініс адам шошырлық.
Алтын іздегендер жұмысын бастағалы тау қойнауы қопарылып, өзен арнасы өзгеріпті. «Жеріміз бүлініп, тұнығымыз лайланды» деген тұрғындар бұл жолы барлаушы компанияға жетіп келді. Көптен қорқып тығылған жұмысшыларды контейнер ішінен шығарып алып, сұрақ-жауаптың астына алды.
Ашулы топ жиналған соң жұмысшылар тірлігін бастамақ түгілі, техникасына жолай алмай қалды. Ал тұрғындар Түлкібас жерінде алтын қазушы компаниялардың көбейіп кеткенін айтады. Бағалы металл іздегендер тауды қопарып, табиғатымызды бүлдіріп, қайта көмбей кетіп жатыр деп налиды. Екі жылдан бері аудан мен облыстағы түрлі мекемелерге арыз жазғанымен нәтиже шықпапты.
Нұрбол Тайжанов:
— Бұл қазылған өзенде балық құрып кетті.Қайыршақтыда бұрын маринка деген балық болатын. Одан соң бау-бақшамызды құртып жатыр, осы судың зардабынан. Мал одан су ішпейді, қашып жатыр. Одан кейін жыл сайын су тартылып жатыр. Адамға әсер етеді ғой. Балық өліп жатқаннан кейін ауру болады.
Алтын іздеушілер жұмысты бастамас бұрын ауыл ішіне спорт кешенін салып береміз деп уәде берген екен. Бірақ ол сөз жүзінде қалған. Қопарылған жерлер де қалпына келтірілмепті. Сондықтан тұрғындар сөзінде тұрмайтын компанияның кетуін талап етті.
Ал барлауға лицензияны министрліктен алғанын алға тартқан компания басшысы қазылып жатқан жердің қожайындарынан сатып алғанын айтады. «Көрсетілген межеден ауытқыған жоқпыз» деген кәсіпкер табиғатқа зияны тимегеніне сенімді. Өздері жұмысты «бес ай бұрын ғана бастадық» деген ол өзге алтын барлаушылардың салғырттығынан біз жаманатты болдық деп ақталды.
Азатбек Әбдірахманов, «Аурум-Майнинг» компаниясының атқарушы директоры:
— Біз енді бұны 2-3 айдың ішінде қазып тастаймыз. Шұңқыр қазуға тура кеп тұр. Өйткені оның ашық тұқымы көп, анықтау үшінтерең қазуға тура келді. Ананың құрамында бар ма, жоқ па, 5-6 метрге дейін қазылу керек.
Жергілікті шенеуніктер алтын барлаушы компаниялардың жұмысын тексеруге құзіреті жететін мекеме жоқ дейді. Бірақ тұрғындардың ашуын көрген соң, барлаушылардың жұмысын уақытша тоқтатуға күш саламыз деп құтылды.
Ұлас Әлімбаев, Түлкібас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
— Құзырлы органдарға арнайы хаттар жазамыз. Қазіргі кәсіпкерлік нысанның жұмысын тоқтату туралы қоғамдық тыңдау өткізгенге дейін тоқтату туралы бүгін біздің ауданнан хат жазылады.
Ал қоғамдық тыңдау биылғы мамыр айына жоспарланды. Оған дейін барлаушылар қазылған жерлерді тегістеуі тиіс. Ары қарай жұмыс істер-істемесін енді жергілікті тұрғындар шешеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!