Сақтандыру: Үйің табиғи, техногенді апаттан зардап шексе, шығыны толық өтеле ме?
Алматыда жылжымайтын мүлкін сақтандыруға құлықтылар саны артыпты. Бұны сарапшылар екі күн бұрын болған жер сілкінісімен байланыстырып отыр. Ал сақтандыру құны тұрғын үйдің нарықтағы бағасына байланысты. Мәселен, бір бөлмелі пәтерді жер сілкінісінен сақтандыру – жылына 21 мың теңгені құрайды.
Автор: Әсем Лесбек
25.01.2024
Ал өзге де қауіп-қатерден сақтаудың жылдық құны – 42 мың теңге. Жылжымайтын мүлік табиғи немесе техногенді апаттан зардап шексе, компания шығынды толық өтей ме?
Баспаналы болған соң оны жөндеуден өткізіп, қолайлы өмір сүру үшін барлық жағдайын жасауға тырысамыз. Ал сақтандыру жағын кейінге қалдырып, тіпті мүлде ойламаймыз. Баспана тиісті деңгейде сақтандырылмаса, бәрінен бір сәтте айырылуымыз мүмкін екенін де жақсы білеміз. Алматыда болған зілзала соның бір дәлелі. Табиғи апаттан кейін баспанасы үшін қам жегендер саны күрт көбейген. Мәселен, сақтандыру компаниясына күніне ондаған адам тұрғын үйін сақтандыруға жүгініп жатыр,
Екатерина Абайдельдинова, сақтандыру компаниясының PR және жарнама департаментінің директоры:
— Өтінімдер бұрынғыға қарағанда екі есе артты. Тұрғындар қазір тек жер сілкінісі жиіленгеннен кейін ғана біздің қызметімізге жүгінуде. Жай күндері жұртты мүлікті сақтандыру мәселесі толғандыра бермейді. Тек осындай апатты жағдайларда ғана бізге хабарласады. Ал баға жағына келетін болсақ, бір бөлмелі жер үйді немесе пәтерді сақтандыру құны жылына 21 мың теңге.
Алайда бұл қаражат тек жер сілкінісінен сақтану мақсатында төленеді. Қалған апат түрлері үшін бөлек тариф. Барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлікті бүлінуден, дүлей зілзаладан, өрттен, су басып кетуден, тұрмыстық газдың жарылуынан, бұзақылықтан, тонаудан тіпті есікті бұзып кіруден сақтандыруға болады. Оның құны нарыққа байланысты 42 мың теңгеден басталады.
Екатерина Абайдельдинова, сақтандыру компаниясының PR және жарнама департаментінің директоры:
— Жылжымайтын мүлікті сақтандыру бұл жылжымайтын мүліктің толық немесе ішінара зақымдану тәуекелдерінен кепілдендірілген қорғау. Ол сақтандырудың ерікті түріне жатады және әрбір қазақстандықтың жеке таңдауы болып қала береді. Сақтандыру болса, қолайсыз оқиға орын алған кезде сіз сақтандыру компаниясы арқылы 100 пайыз өтемақы ала аласыз.
Десе де жұрттың сақтандыру жүйесіне сенімі аз. Өйткені үй-жайы бүлінсе, түрлі сараптама жасатып, сақтандыру компаниясының алдында оны дәлелдеп шығу керек. Осы салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар Данияр Насыровтың да пікірі осындай. Сарапшының айтуынша, мекемелердің миллиондаған ақшаны бірден бере салуы неғайбыл.
Данияр Насыров, сарапшы:
— Өз басым сақтандыру компанияларына мүлдем сенбеймін. Себебі, кез келген мәселеде мұндай мекемелердің шығынды өтеп беруі екіталай. Баспана туралы айтпағанда, сынған көлікті жөндеп, қалпына келтіру оңай жұмыс емес. Алдымен залал шығыны тексерілуі керек, кейін шығын көлемі есептелуі керек. Бірақ сақтандыру компаниясы шығын көлемін үнемі аз береді.
Сарапшының айтуынша, сақтандырылған көліктің өзін мамандар мұқият тексермейді. Сәйкесінше шығын құнын толық өтемейді. Десе де жер сипап қалғаннан гөрі, аз да болса өтемақы алу дұрыс екенін түсінген жұрт көбейген. Ал егер пәтеріңіз ипотекаға алынған болса, уайымдауға негіз жоқ. Банк атындағы мүлік онсыз да сақтандырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!