«Қырып-жоямыз». Ақтөбелік ата-аналар баласын мектепке жіберуден қорқып отыр
Ақтөбелік ата-аналар баласын мектепке жіберуден қорқып отыр. Себебі өңірдегі білім ошақтарында белгісіз біреулер ойран саламыз деп әлеуметтік желіде ақпарат таратқан. Тіпті күдіктілер оқушыларды «қынадай қырамыз» деп қыр көрсетуде. Жұртты дүрліктіргендерді полиция іздестіріп жатыр. Облыс әкімінен бастап мектеп аралап, ата-аналарды сабырға шақырып әлек.
Автор: Жаңалық Ахаш
25.01.2024
Тыныш жатқан тұрғындарға топалаң тудырған телеграм арнасындағы ақпарат болды. Түске таман ата-аналар дүрлігіп, балаларының бас амандығын ойлап мектепке қарай ағылды. Өйткені әлеуметтік желіде 26 қаңтар күні мектептерге шабуыл жасалып, «балаларды жаппай атамыз» деп жазыпты. Одан соң тек екі гимназияға өшіккені айтылса, кейін лаңкестік шабуыл отыз шақты мектепте болады делінген.
Ғалия Ешмұханбетова, А. Байтұрсынұлы атындағы мектеп-лицей директоры:
— Әлеуметтік желіде ата-аналардың алаңдауы бізге де келіп жатыр, сұрап жатыр. Бірақ бірінші кезеңге балалар толық келді. Тек қана ауырып жатқан, жарысқа кеткен дәлелді балалар ғана болмаса. Біз барымызша баланың қауіпсіздігін бақылаймыз деп айтқымыз келеді. Алаңдамасын. Мектепте сабақ болмайды деген әңгіме айта алмаймыз. Келген оқушыны қабылдаймыз.
Тәртіп сақшылары телеграм арнасында тараған ақпаратты жалған деп отыр. Бұған дейін дәл осындай жағдай көршілес Ресейдің облыстарында болыпты. Ол кезде де білім ошақтарына шабуыл жасап балаларды қырамыз делінген екен.
Әсет Қалиев, Ақтөбе қаласы ПБ бастығы:
— Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Құзіретті органдармен осы ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді жұмыс жүргізілуде. Осыған ұқсас жалған хабарламалар биыл Ресей Федерациясының бірқатар қалаларында да болған. Бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызуға арналған.
Қанша жерден жалған ақпарат дегенмен, үрейленген тұрғындардың баласын мектепке жібергісі жоқ. Жаппай қашықтан оқыту туралы басшылардан талап етіп жатыр. Бірақ шенеуніктер жалған ақпараттың жетегінде кетпей оқушыларды бұрынғысынша оқыта беретінін айтады. Тіпті облыс әкімі Асхат Шахаровтың өзі мектептерді аралап, ата-аналарды сабырға шақырумен әлек.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
— Алаңдауға, ата-аналарға айтарым, еш себеп жоқ. Барлық жағдай бақылауда. Жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Соған байланысты өзім де барлық мектепті аралап, көрсетілген мектептерді, соның ішінде ата-аналармен кездесіп, осы жағдайды жеткізіп жатырмыз.
Соңғы таратқан ақпараттары орыс ұлтшылдары туралы да айтылған еді. Қазір ол телеграмм арнасы толық тазартылған. Сілтемесі бұғатталыпты. Әйтсе де ақтөбеліктер 26 қаңтарды әлі де үреймен қарсы алатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!