«Қазақ деген болмаған». Смолиннің сандырағына қазақстандық сенатор пікір білдірді
Дүйім жұрттың ашу-ызасын тудырды. Ресейдің федералды телеарналарының бірінде өзін тарихшы деп жүрген Михаил Смолин "1917 жылғы төңкеріске дейін қазақ деген ұлт болмаған" деп мәлімдеме жасады.
Автор: Мерей Қалиасқар
25.01.2024
— Қазақстан қайдан пайда болды? Негізі, алғашында РСФСР құрамындағы Казақ КСР деп аталды, ешқандай қазақтар мүлдем болмаған.
Қазақтармен қоса, қырғыз бен өзбек деген халық болмаған депті. Осы сөзі үшін Өзбекстан ресейлік арналарды бұғаттау мәселесін көтеруде.
Смолиннің сандырақтарына қазақстандық сенатор пікір білдірді. Сергей Ершов мұны екі елдің арасына от салу үшін жасалған арандатушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір көп дүние өзгерді, мәселен, Кеңес Одағы мен қазіргі оқытуды салыстыруға келмейді. «Тасын түртсең, тарихы ақтарылып түсетін жерде түркі ұрпақтары болған, бар және бола береді», - деп кесіп айтты депутат. «Ал әлдебіреудің пікірін елеп, оны талқылаудың аса бір қажеті жоқ». Ершов Ресейге барған сапарларында халық қалаулыларынан осы сынды даулы мәлімдемелері жайында сұрап та көрген екен.
Сергей Ершов, Сенат депутаты:
— Олар мұндай пікірлерге қалыпты қарайды. «Бізде ақымақтар бар» дейді, дегенмен олардың әрқайсысының аузына қақпақ бола алмайсың. Ресей елінде біздің бай тарихымызды жақсы біледі. Қазақтар сол елде, ал орыстар осында жақсы өмір сүріп жатырмыз. Мен 63 жыл өмірімде естімегенім жоқ. Әр ақымаққа жауап бере берсек, неміз қалады?! Сол себепті мән бермеймін. Біз президенттердің және мемлекеттердің ресми пікірін ұстануымыз керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!