Майқайыңға жақын ауылдағылар топырақтың астында қаламыз ба деп қорқып отыр
Павлодар облысы Майқайың кентінің кенішке жақын орналасқан үй тұрғындары топырақтың астында қаламыз ба деп қауіптенеді. Жері опырылып, шахтаның астына автобус көміліп қалғаннан кейін тұрғындар шоши бастаған. Өйткені кеніштегі жарылыстардан жерге сызат түсіп, үйлердің қабырғалары қақырап, төбесі құлайын деп тұр екен.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
25.01.2024
Иманхан Амангелді:
— Мен мына үйде тұрамын. Міне, тұрысым мынау. Жарылса, атылса, қорқамыз. Далаға қашамыз, сонымен жүрміз. Не ұйқы жоқ, не күлкі жоқ. Жарылыстардан кейін қорқынышты болып жатыр. Көмектесіңіздер, ағайын, жұрт болып, азаматтар бар, әкімдер бар, бізге көмектеспегенде кімге көмектеседі?
Майқайың кентінің шетіндегі Шанхай аталып кеткен ауданда 40-қа тарта ескі үй бар. Бұлар кенішке 500 метр қашықта орналасқан. Бұл үйлер өткен ғасырдың 30-шы жылдары уақытша баспана ретінде тұрғызылыпты. Қазір мұнда орталыққа көшуге жағдайы жоқ зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар тұрып жатыр. Көбінің баспанаға құжаты да жоқ екен. Тұрғындар кеніштегі өндіріс жарылыстарынан үйлерінің тозығы жетті дейді. Дүмпулерден қабырғағы қақыраған үйлер төбесін тіреген діңгектерге толы. Қай күні үйінді астына немесе үймен бірге жердің астына кетеміз деп үреймен отыр. Дегенмен кеніш басшылығы аталған үйлердің астында шахта жоқ дейді. Айтуларынша, аталған аумақтың жағдайын автобус опырылған жерді зерттеп жатқан комиссия айтады. Солардың шешімі шыққан соң, Шанхайдағы баспаналар да тексеріледі. Ал осы маңға жақын жерде кенішке түсіп кеткен автобус 20 күннен бері әлі табылмай жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!