Бибігүл Жексенбай: Сапасы күмәнді зиян тағамға салықты ұлғайту керек
Елімізге «қоқыс тағамдар» арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Сенатор шетелден енгізілген, балалар қызығып жейтін дайын азықтардың сапасына күмән келтіріп, жалпы зиян тағамға салықты ұлғайтуды ұсынды.
Автор: Мерей Қалиасқар
25.01.2024
Үкімет басшысына жолдаған сауалында Бибігүл Жексенбай соңғы кезде нарықта шығу тегі белгісіз, кері әсері көп өнімнің қаптап кеткенін айтып күйінішін жеткізді. Ең қорқыныштысы, «қоқыс тағамдарды» ақшаға құныққан ашкөздер өз үйінің бір бұрышында, яки жертөлесінде жасайды екен. Қытай билігі мұндай залалды тағам өндірушілермен ұдайы күресіп келе жатқанымен, тамырына балта шаба алмай келеді. Аспан асты елінде қауіпті өнімдерден жыл сайын жүздеген бала уланады, бұны “қоқыс тағамы” деп атап көрсеткен. Ал елімізде ескертпелер мен түсіндірмелері жоқ бұл түсініксіз өнімдер әр жерде «мен мұндалап» ашық сатылып жатыр. Оның құрамы мен сапасына қатысты бақылаудың қаншалықты жүргізілетіні де белгісіз. Сенатор сол тауарлардың жарнамасына да қатаң тыйым салып, жалпы зиянды тағамға салық салу керек деп санайды.
Бибігүл Жексенбай, Сенат депутаты:
— Ағзаға зиян тауарларды бақылауға алу және оларға мүмкіндігінше қосымша салық салу керек. Мысалы, ол Норвегия, Дания, Америка, басқа мемлекеттерде осындай зиянды тағамдарға қосымша салық салынады. Мысалы, біздің қымыздың, шұбаттың денсаулыққа пайдалы екенін білеміз, бірақ мектеп оқушыларына беруді неге қолға алмасқа? Министрлікте осы қоғамдық денсаулықты сақтау бойынша арнайы құрылым құру туралы ұсыныс білдірдік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!