{metadescription}
Президент: Жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесіне бөлінген қаражат қайда кетті?
Президент: Жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесіне бөлінген қаражат қайда кетті?

Президент: Жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесіне бөлінген қаражат қайда кетті?

Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс, ал іс жүзінде түкке дайын болмай шықты. Оңтүстік астанаға жұмыс сапарымен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура мен антикорға жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесіне бөлінген қыруар қаражаттың қайда жұмсалғанын анықтауды тапсырды.

Мемлекет басшысы зілзалаға құзырлы органдар, әсіресе Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі мүлдем дайын болмағанын мәлімдеді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов та сын естіді.

Бес балл жер сілкінісін өткеріп есеңгіреп қалған Алматы қаласына президенттің келгені кеше. Араға бір күн салып, бүгін мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздікке қатысты кеңес өткізді. Жиын бойы шенеуніктер мен шенділер құдды бір өз кінәсін мойындап тұрғандай басын төмен салбыратып отырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде төтенше жағдайға қажет шабадан да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек.

Алайда қазір ел-жұртты апатқа дайындау жүйесі көңілді көншітпейді. Сондықтан енді оқу орындарынан бастап, мемлекеттік мекемелерде де тұрақты түрде жаттығу өткізіліп тұру керек дейді президент. Ал апат кезінде дабылдың қосылмағаны құба-құп болды деп отыр. Әйтпегенде дүрбелеңге ұласып кетер еді. Бірақ зілзала кезінде қарапайым халық түсіне бермейтін хабарламаны емес, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету керек екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

2021 жылы жеті министрліктің бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Басқа да міндеттерді қоса алғанда, бұл құжатта Алматы қаласы үшін жойқын жер сілкіністері туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесін енгізу көзделген еді. Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсатқа бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Соған қарағанда бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады.

Жазда ғана ведомствоны басқаруға қойылған Сырым Шәріпхановтың жұмысына көңілі толмаған Қасым-Жомарт Тоқаев оны бір сілкіп алды. Артылған жүк ауыр болса, оқытушылыққа ауыстырамыз деді.

Теориялық біліміңіз бар. Бірақ, шынын айтқанда, қазір нақты іс шараға келгенде жұмысыңыз әзірше мол емес деп айтуға болады. Егер жұмысыңыз ауыр деп ойласаңыз, маған хабарлаңыз, бұл жерде еш оғаштық жоқ. Ғылыми-педагогикалық жұмысқа қайта ораласыз.

Президент Сырым Шәріпхановпен қоса Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі мен құзырлы органдардың да табиғи апатқа дайын болмағанын жеткізді. Екі күн бұрын болған зілзала шенеуніктер мен шенділерге ғана емес, сол түні үрейге бой алдырған қарапайым халыққа да сабақ болғаны мәлім. Қасым-Жомарт Тоқаев дүрбелеңге салынып түрлі қауесет пен жалған ақпаратты қасақана тарататын арандатушылар мен жауапсыз адамдардың жетегіне еріп кетпеуін ескертті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.