«Астанаға кім көрінген келетін болды». Мәслихат депутаты блок-бекет орнатуды талап етті
«Астанаға кім көрінген келетін болды». Осылай деген мәслихат депутаты елорданың кіреберісіне блок-бекет орнатуды талап етті. Аймақтардан Астанаға ағылған көш Азамат Айтқожиннің шымбайына батып жүр екен. Ал блок-бекет сол миграцияны реттеудің жолы дейді депутат.
Автор: Мерей Қалиасқар
26.01.2024
Азамат Айтқожин, Астана мәслихатының депутаты:
— Кім көрінген келеді. «Маған пәтер керек», «маған анау керек, мынау керек». Блок-бекет қойыңдар, бітті! Бәрі Астанаға ағылады, Астана созыла беретін резеңке емес қой.
Астанаға көшті тыю мәселесі осылай ауық-ауық көтеріліп жүр. Небір мәлімдеме көбейген соң, бірнеше ай бұрын ғана қала әкімі еліміздің бас қаласына кез келген қазақстандық тұрақты тұруға келе алады деп мәселеге нүкте қойғандай болған. Дегенмен бұл тақырып қайта қозғалып отыр.
Мәслихат депутатының тағы дау тудырған ұсынысына бұл жолы көші-қон комитетінің төрағасы жауап берді. Еңбек мигранттарына келер болса, жергілікті әкімдіктерге еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып жұмысшы тартуға квота берілген дейді Асқарбек Ертаев. Ал урбанизацияны, депутат айтқандай, блок-бекетпен тежеу мүмкін емес.
Асқарбек Ертаев, ҚР Көші-қон комитетінің төрағасы:
— Блок-бекеттерге келетін болсақ, бұл мәселе ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатады. Ал жалпы мигранттар Астанаға квотамен келеді. Оны әкімдік белгілейді. Қандай да бір бақылаусыз ,көші-қон ағыны бар деген мәселе жоқ, Астанаға келетін барлық еңбек мигранты квота бойынша реттеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!