Сейсмологтар: Алматыда тектоникалық жарықтың үстіне үй салу тоқтатылсын
Сейсмологтар Алматыдағы тектоникалық жарықтарды елемей үстінен қаптатып баспана салуды тоқтату керек деп дабыл қағуда. Өйткені зілзала кезінде үстіндегі ғимараттар опырылып түсуі мүмкін.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
29.01.2024
Тау жыныстарының тектоникалық қозғалыстары мен деформациялары нәтижесінде пайда болған жарықтар қаланың ортасы мен әсіресе тауға жақын аудандарында көп. Көлемі, ұзындығы әр түрлі.
Жалпы шаһар бойынша 27 жарық тіркеліпті. Негізінде оның үстінен ғимарат тұрғызу өте қауіпті дейді мамандар. Өйткені қатты сілкініс кезінде үстіндегі топырақ қозғалуы мүмкін.
Мәселен, мына видео көршілес қырғыз елінде түсірілген. Дәл жарықтың үстінде тұрғызылған нысанның кәдімгідей өзгеріске ұшырағанын анық байқауға болады. 15 жылдың ішінде үйдің жартысы төрт жарым сантиметрге көтеріліп кеткен.
Надежда Степаненко, «Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының» құрылымдық геофизика зертханасының меңгерушісі:
— Жарықтың қауіпті аймағы 300 метр. Яғни жарықты бір ұзын сызық деп қарайтын болсақ, бір жағынан 150, екінші жағынан 150 метр алшақ ғимарат соғылуы керек. Егер сілкіністің эпицентрі Алматының астында емес, транзит болған күннің өзінде де жарықтың үстіндегі топырақ қозғалып қауіп төндіруі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!