{metadescription}
Атырауда «Тойота» орталығы утиль алымы төленбеген көлікті сатып, иесін сенделтіп қойған
Атырауда «Тойота» орталығы утиль алымы төленбеген көлікті сатып, иесін сенделтіп қойған

Атырауда «Тойота» орталығы утиль алымы төленбеген көлікті сатып, иесін сенделтіп қойған

Автосалон алдап соқты. Атыраудағы «Тойота» орталығынан көлік сатып алған азамат сан соғып қалды. Себебі дилер орталығы утилизация алымы төленбеген көлікті сатып жіберген. Соның салдарынан алданған азамат үш жылдан бері көлігін сата алмай сенделіп жүр.

Тіпті соттан да жеңіліп әбден әбігер болған. Ал аты дардай, беделді автоорталық көліктің утилизация салығы төленбегенін «өзіміз де білмедік» дейді. Сенімді компанияға сенім артам деп сергелдеңге түскен тұрғынға анық-қанығын еш жауапты орган түсіндіре алмай отыр.

Атыраулық Құрманғазы Қазыбеков 2020 жылы «Тойота» орталығынан несиеге жүрілген көлік сатып алған. Құны 9 млн теңге тұратын Камридің бүкіл құжаты мен мемлекеттік нөмірін қолына дайын күйде ұстатқан. Кейін несиесін түгел төлеп тастап, көлікті сатпақшы болады. Осы кезде машинаның утилизация салығы төленбегені анықталыпты.

Құрманғазы Қазыбеков, көлік иесі:

Несиеге алғаннан кейін машинаны таңдайсын. Құжаттарын, номірін, техпаспорын бәрі өздері алып береді. Автоцонда қалай номер берді, қалай тех паспорт берді? Мен «Тойота» орталыққа айттым: «Б азардан алсам өз обалым өзіме, ал сендер дүниеге белгілі компаниясыңдар. Мені алдап, халықты алдап тұрғаннан кейін басқаға қалай сенесің?» деп айттым.

Көлік иесі автосалонды сотқа да берген. Бірақ карантин уақытында онлайн өткен сот процесіне барлық тарап шақырылғанымен, судья талап қоюшының арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Утилизация алымы төленбесе, қалай мемлекеттік нөмір берілгендігін анықтауға автоинспекторларға да бардық. Бірақ жауапты орган бұл жағдайды өздері де түсіне алмады. Кәдеге жарату салығының төленген -төленбегені туралы ақпаратты базадан да таппады.

Тұржан Әзімов, Атырау облысы полиция департаментінің мемлекеттік автоинспекторы:

Бірінші ,алғашқы тіркеу Алматы қаласынан болған, өзіміздің тиесілі ақпарат беретін базамыз нақты көрсетпей тұр.

Автоинспекторлар шағымданушыға нақты мәліметті «Алматыдан барып білесіз» деп отыр. Дегенмен қосымша анықтауға арызын алып қалды. Көліктің иесімен «Тойота» орталығына да бардық. Құжат арқылы тексерген кеңесшілер утилизация алымының төленбегендігін растады.

«Тойота» орталығындағы мамандар бұл жағдайға қатысты камера алдында сұхбат беруден бас тартты. Дегенмен көлікті өзі сатқанын мойындап отыр. Бір сөзінде «біздің компания утилизация алымы төленбеген көліктерді сатпайды» десе, бірінде «2020 жылы оны анықтайтын база болмаған» деген түрлі сылтау айтты. Сондай-ақ көлік иесіне «заң алдында жауабын бердік» деп қысқа қайырды.

Ал адвокат Айдос Ибрайымов бұл дауды шешуге толық мүмкіндік бар деп отыр.

Айдос Ибрайымов, адвокат:

Бұлардың іс әрекетіне сот арқылы шағым беру керек. Бұл дау шешіледі. Ешқандай қиындығы жоқ. Сотқа дейін міндетті түрде барып бір жауап алу керек, жазбаша түрде арыз беріп, жазбаша түрде жауап алу керек. Ол жауапты қазіргі жаңа әкімшілік процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес ,сотқа талап арыз беріп, шешімін табуға толық мүмкіндігі бар.

Шағымданушы даулы көлікті «Тойота» орталығына кері сатып көрмекші. Бірақ кәдеге жарату алымы төленбеген «Тойотаны» сатқан автосалон оны кері ала ма, алмай ма» ол да әзірге белгісіз. Осылайша аты дардай автосалонға сеніп сергелдеңге түскен атыраулық тұрғын жауапты органдардан да жарытып жауап ала алмай жүр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде