{metadescription}
Мамандар кеңесі: Зілзалада қайда тығылып, қалай әрекет ету керек
Мамандар кеңесі: Зілзалада қайда тығылып, қалай әрекет ету керек

Мамандар кеңесі: Зілзалада қайда тығылып, қалай әрекет ету керек

Сейсмикалық қауіпті аймақта тұратын әр адам жер сілкінісіне дайын болуы керек. Өкініштісі, біле тұра бейқам жүретіндер көп деп қынжылады төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері. Қауіпсіздік ережелерін пысықтауға арналған сейсмикалық оқу-жаттығуларға көптеген тұрғын қатыспайды. Соның салдарынан табиғат апаты кезінде қалай әрекет етерін білмей дүрбелең тудыратындар көп.

Осылайша сақтық ережесін тағы да еске салған мамандар үстелдің асты мен есіктің жақтауына тұрмауды ескертеді. Ендеше зілзала кезінде өзіңізді қалай құтқару керегі жайында КТК тілшісі толығырақ тарқатсын.

Алматыдағы соңғы болған қатты жер сілкінісі тұрғындарды аяғынан тік тұрғызды. Содан бері төтеншеліктер мен сейсмологтар жұмысы қауырт. Бүгінде олар халыққа қауіпсіздік ережелерін қалай сақтауды қайта-қайта ескертіп жатыр. Соның бірі – балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы Ольга Костенко. Ол қазір балабақшалар мен мектептерді аралап, мұғалімдерге дүмпу кезінде өзін және оқушыларын қалай қорғауды түсіндіріп жүр.

Ольга Костенко, балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы:

Үстелдің астына тығылу керек деген қате пікір. Ол аспалы шам мен үйдің ішіндегі өзге дүниелердің құлап кетуінен қорғағанымен, қабырға немесе төбе опырылып түссе тым қауіпті. Ал диван кішкене сенімдірек. Салмағы да ауыр, қозғалуы да қиын болғандықтан, диванның жақтауына бойлай, арқамызды тіреп жата қалуымыз керек. Үстінен жастықпен жабуға болады.

Нұсқаушы төтенше жағдай кезінде жеделсатыны қолданбауға кеңес береді. Баспалдақпен түсу де қауіпті. Қатты жер сілкінісінен оның құлап кетуі мүмкін. Сол себепті дүмпудің аяқталғанын күтіп, үй ішінен қауіпсіз жерді тапқан дұрыс дейді.

Ольга Костенко, Балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы:

Үлкендер жер сілкінісі кезінде көбінесе баласын уайымдап абдырап қалады. Ондай жағдайда, керісінше, жылдам қимылдап, кішкентайларды бір жерге жинау керек. Егер екінші қабатта болса, астына тез түсіріп, негізгі қабырғалардың бұрыш-бұрышына тұрғызған абзал. Одан бөлек, төсектің жақтауына жатқызып, көрпе-жастықпен қымтаған дұрыс. Ауыр дүние түскен күннің өзінде көрпе-жастықтар қорғап қалады.

Зілзала кезінде үйдегі суды, газды, міндетті түрде жарықты өшіру керек. Дабыл сөмкесі үнемі дайын болған жөн. Нұсқаулық та сақтаулы тұрса артық етпейді. Ал егер көшеде жүрсеңіз, үлкен ғимараттың қасынан алшақ кеткен дұрыс. Үзілген сымдарға жоламай, жазық жер іздеңіз. Осылай деген төтеншеліктер алғашқы дүмпу кезінде тек жер үйде тұратындарға ғана сыртқа шығуға кеңес береді.

Гүлдана Нұрымбетова, Алматы ТЖД ресми өкілі:

Егер көпқабатты үйде тұрсаңыз, дүмпу кезінде сыртқы қабырғадан және терезеден алшақ болып, бірінші дүмпуді үйде өткізуіңіз қажет. Ол үшін отбасыңызбен бірге ертерек қауіпсіз жердегі орындарыңызды табуыңыз керек. Ол негізгі қабырғалар болып саналады. Ары қарай дүмпу біткеннен кейін тез арада үрейге бой бермей, ғимараттан шығып кетіп, ашық алаңға тұру керек.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар жиһаз жанында ұйықтамағаны абзал. Ауыр, құлауға бейім мүліктерді еденге немесе қабырғаға шегелеп тастау керек. Төтеншеліктер бәрінен бұрын халықтың сейсмикалық оқу-жаттығуға селқос қарайтынына қынжылады. Соның салдарынан дүмпуден емес, өзіндегі үрейдің кесірінен зардап шегеді деп отыр.

Гүлдана Нұрымбетова, Алматы ТЖД ресми өкілі:

23 қаңтарда адамдардың жарақат алғаны, бұл үрей себебінен. Өйткені олар не істерін білмей абдырап қалды. Сол себептен өз-өзіңізді ұстап, дұрыс әрекет жасау керек. Көпқабатты үйде, пәтер ішінде сыртқы қабырғалар жанында, терезенің жанында тұруға болмайды. Өйткені жарақат алуы мүмкін.

Дүмпу кезінде есіктің жақтауында тұруға кеңес берілмейді. Ол тек аспалы шам, өзге мүліктердің үстімізге түсуінен сақтағанымен, негізгі қабырғаның құлауынан қорғамайды. Мамандар жерасты дүмпуі кезінде жуынатын бөлмеге жасырыну керек дегенді де «бос сандырақ» деп отыр. Яғни айна мен өзге де әйнектердің шытынап сынуынан бөлек, ыстық су құбыры да жарылып кету қаупі жоғары. Сол үшін төтеншеліктер үйдегі негізгі қабырғаның жақтауына тұрған жөн дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

06 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде