{metadescription}
Қараспанда жүргізілген газ құбырының жәшіктері құлап жатыр
Қараспанда жүргізілген газ құбырының жәшіктері құлап жатыр

Қараспанда жүргізілген газ құбырының жәшіктері құлап жатыр

Көгілдір отын келгеніне көпшілік қуана қоймады. Түркістан облысында тұрғындар газ берілуіне қарсы шықты. Себебі Ордабасы ауданындағы Қараспан ауылына жүргізілген газ құбыры тым сапасыз дейді. Су құбырының үстіне газ құбырларын тастағаны аздай, жердің бетіне орнатылған жәшіктер қазірдің өзінде құлап жатыр.

Оның өзі ауылдағы барлық үйге жетпей қалған. Жобаны жасағанда бірнеше баспана қағазға түспей қалған. Ал жауапты шенеуніктер бірер аптада кем-кетікті жөнге келтіріп, газды бәрібір береміз деп отыр. Қос тараптың уәжін КТК тілшісі тыңдап келді.

Қараспан ауылына газ жүйесі екі жыл бұрын жүргізіле бастаған. Бірақ тұрғындар құбыр тартудың технологиясы өрескел бұзылды деп отыр. Яғни су жүргізілген шұңқырға газ құбыры қатар салыныпты. Ол аздай, көгілдір отын келуі тиіс құбырларды қоқыспен көме салған көрінеді.

Жәнібек Сапаров:

Құм төселген жоқ. Құммен астына төселуі керек. Бетіне құммен төселуі керек. Сосын барып итеріліп, топырақпен көміледі, негізінде. Ол жұмсақ жерде жатуы керек қой. Солай айтылады.Қауіпті жағдай болады ғой, екеуі газбен қатар жатса. Қазып жатса қалай болады?. Екеуі жарылады. Енді газға дайын емеспіз ғой. Газ бармаған жерлер бар екен. Анау ШРП-ларының құлап тұрған жері бар екен.

Балшықтың үстіне қойылған газ тарату жәшіктерінің кейбірі іргетасынан опырылса, енді бірі қисайып құлағалы тұр. Тұрғындар көгілдір отын берілсе, жарылып кетеміз деп алаңдаулы.

Асхат Сәбденбаев:

Мынау не сапа, қисайып тұр. Қазірден ашылмай жатып қисайып жатыр. 10 ШРП тұратын жерге 5 ШРП-дан қойып кетіп жатыр. Бәрі сапасыз. Құлап жатыр, ашылмай жатып. Есептегіштері ескі, 22 әлі, 24 болды қазір. 22-нің есептегішін қойып кеткен, мерзімі де өтіп кеткен.

Газ жүргізуге келген мердігер тұрғындардың бәрінен қосымша ақша да жинаған екен. Бірақ сапасыз деген газ жүйесінің өзі көп үйге жүргізілмей, қалып кеткен. Бүгін ауылға көгілдір отын салтанатты түрде беріледі дегенді естіген жұрт өре түрегелді. Сөйтіп әуелі кем-кетігін реттемейінше, газ берілмесін деп тұрып алды.

Бақыт Шылмырза:

  Мешітте тұрып айтты, мен 200 үйден шартқа тұрып 10 мыңнан алдым деді. 2 миллион ба, енді мында таңертең келген. Мына жерге 50-60 халық келген. Көбісінен 20-30 мыңнан алған деп, олар да келді. Енді 3 миллионнан астам ақша алып кетті. Қабылдауға болмайды, бұның бәрін істеп берсін, мемлекет ақшаны не үшін бөліп жатыр. Жем шашқандай шашып жатқан жоқ қой. Аяғына дейін істеп берсін, біз момын болған соң, халықтың мойнына міне беруге болмайды.

Ал аудан атқамінерлері қараспандықтар қара аспанды төндіріп отыр дейді. 499 миллион теңге бөлінген бұл жоба бес жыл бұрын басталған екен. Сол себепті жаңа салынған үйлер жоспарға кірмей қалған. Бірақ ол кем-кетікті мердігер есебінен реттейміз дейді.

Қыдырбай Сейітқұл, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл жерде енді тұрғындарда түсінбеушілік болып жатыр. Қалып кеткен 5-6 ШРП-ға, мақұл 10 ШРП дейік, қалып кеткен ШРП-ларға түсінбеушілік болып жатыр. Оны мердігер есебінен орнатып береміз.

Қараспанға 25 шақырымдық газ жүйесі жүргізіліп, тіпті сығымдау жұмысына дейін бітіп қойған. Тұрғындар қарсылық білдірген соң, шенеуніктер бір-екі аптадай газ бермейміз дейді. Оған дейін мердігер өзі жіберген кемшіліктерін анықтап, өз есебінен түзетуге тиіс.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде