{metadescription}
Мәжілісмендер бюджетті сорып отырған спорттағы былықтарды жайып салды
Мәжілісмендер бюджетті сорып отырған спорттағы былықтарды жайып салды

Мәжілісмендер бюджетті сорып отырған спорттағы былықтарды жайып салды

Спорт түрі көп, ал нәтиже жоқ. Бүгін парламентте спортты қаржыландыру мәселесі төңірегінде қызу пікірталас болды. Мәжілісмендер бюджеттің бүйірін сорып отырған саладағы былықтардың бірін қалдырмай жайып салды.

Депутаттардың қойған сан сауалына туризм және спорт вице-министрі кібіртіктеп жауап бере алмай біраз қиналды. Екі жарым сағатқа созылған сойқан тартысты КТК тілшісі былай деп баяндайды.

Спортқа бөлінген бюджеттің есепсіз ақшасы туралы бұған дейін де парламент қабырғасында бірқатар бастама көтерілген. Бір өкініштісі, депутаттардың сол ұсынысына құлшына кірісетіндер табылмай, сол күйі нақты заң нормасы ретінде енбей келді. Себебі спортты сауын сиырға айналдырып, бюджетті қанап отырған бай-манаптардың қызығушылығы бар. Қыруар қаржыға қол салып, қол салғанда мол салып жүрген шенді-шекпенді шенеуніктер де бұдан бірсыпыра пайда көрді. Бүгін солардың есімі түгел аталмаса да, мәжілісмендер біршамасына тоқталып өтті.

Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты:

Сол кезде, мысалы үшін, антикордың басшысы боп тұрған Шпекбаев Қазақ күресі федерациясының президенті болып отырды. ҰҚҚ басшысы болған Мәсімов жекпе-жек пе, әйтеуір спорт федерациясының басшысы болып отырды. Ойлап қараңыздар, жәй шенеуніктер емес, біздің қауіпсіздігімізге жауап беретін, коррупциялық істі тергеумен айналысатын органдардың бірінші басшылары бәрі бір-бір спорт федерациясын басқарып отырды.

Cпортқа бөлінетін қыруар ақшадан дәмелілер көп болғандықтан ба, әйтеуір бюджет есебінен 180 спорт түрі қаржыландырылады екен. Соның тек 50-ге жуығы ғана Жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енгізілген. «Қалған 100-ден астамына қазынадан қаражат бөлудің қажеті не?» деген заңды сауал туындайды. Салыстырып айтсақ, Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15, Германия 18, ал көрші Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттен қаржы жұмсайды. Біздікі не? Сол 180-нің ішінде түсініксіз, ел естімеген спорт түрі қаншама.

Таңсәуле Серіков, Мәжіліс депутаты:

Пенчак силат, Биатл, Триатл, Петанк, Текбол, Унифайт, Черлидинг, спорттық балық аулау. Кейбір спорт түрін Қазақстан біле ме екен? Бұл қандай спорттың түрі? Сосын анау, трубаға мініп алып стриптиз көрсететін спорттың аты қалай еді...Спорт на пилоне, ол да ортасында жүр.

Жылына спорт саласын дамытуға 290 млрд теңге бөлінеді. Сұрақтың астында қалған туризм және спорт вице-министрі қаржыландыру көлемі осы көлемде қалатынын жеткізді. Тек спорт түрлері едәуір қысқартылады. 2027 жылға қарай 180 спорттың бар-жоғы 60-70-і ғана қалады деп сендірді Серік Жарасбаев.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

Қысқарту қалай өткізіледі? Біріншіден, қалатын спорт түрлері Олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрі, Паралимпиадалық бағдарламаға кіретін спорт түрі, Азиада бағдарламасына кіретін спорт түрі. Сонымен қазірг біз оны талдау жасаған кезде 100-ге жуық спорт түрі болайын деп жатыр, осы заң енгізілгеннен кейін.

Тағы бір мәселе легионерлер легі. Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Нартай Аралбайұлы шетелден аттай қалап, ақшаны үйіп-төгіп сатып алатын легионерлерге бюджет есебінен айлық төлеуді тоқтату керек деп санайды.

Нартай Аралбайұлы, Мәжіліс депутаты:

ҚР бюджетінен легионерлерге айлық һәм бонустар төлемеңдер бұл бір. Екінші, бюджет есебінен легионерлерді шетелден сатып алмаңдар. Ол саған не үшін керек, имидж керек болса, ол сенің спорт түріңді, спорт клубыңды әрі қарай дамыту керек болса, демеуші тап. Ал бюджет ақшасы елде қалу керек. Ол біздің өз спортшыларымызды қолдауға, солардың қажет дүниесін жарақтауымызға, жөндеуімізге керек.

Мәжілісмен спорт саласына «мониторинг» деген түсінік енгізу керек деп есептейді. Себебі құзырлы ведомство аймақтағы жағдайдан бейхабар, тексеріп те бара алмайды. Қорыта айтқанда, бұл ұсыныстарды неғұрлым тез жүзеге асыру маңызды. Өйткені жуырда Париж Олимпиадасы басталады, сол кезде тағы да ұятқа қалмауымыз керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.