{metadescription}
«Біреуге айтсаң, жаныңды шығарамын». Астанада подъезде балаларды ұрған еркек ұсталды
«Біреуге айтсаң, жаныңды шығарамын». Астанада подъезде балаларды ұрған еркек ұсталды

«Біреуге айтсаң, жаныңды шығарамын». Астанада подъезде балаларды ұрған еркек ұсталды

Астанада айдың-күннің аманында өз үйінің подъезінде үш бала көршісінен оңбай таяқ жеді. Боранды күні алаңсыз, пәтерінің кіреберісінде ойнап жүрген жеткіншектерді белгісіз еркектің жұдырықтағаны бақылау камерасына жазылып қалған. Көзге көрінгеннің бәрін тепкілеп, ұрып-соққан қаскөйді полиция көпке ұзатпай ұстады.

Мұндай бұзақылық, жалпы тұрмыстағы озбырлық, балаларға жасалған қиянаттың жазасы ауыр болмақ. Өйткені Мәжілісте әкімшіліктен қылмыстық жауапкершілікке ауыстыру мәселесі қаралып жатыр.

Бас қаланың оң жағалауындағы «Эдем-Палас 2» тұрғын-үй кешенінің уатсап чаты кешеден бері гу-гу әңгіме. Мазасы кеткен тұрғындар балаларды бірінен кейін бірін жұдырықтаған қаскөйдің видеосын таратуда.

Оқиға осы подъездің 14 қабатында күні кеше қас қарайған шақта болған. Қаскөй үш баланы ұстап алып, бірінің ішінен тепкен, ал бірін қылқындырған, үшіншісін еденде сүйреп ойына келгенін жасаған. Әбден зәре-құты қашып үрейленген балалар үш сағаттай ата-анасына ештеңе айтпай подъезді паналапты.

10 жастағы жеткіншектерге қол жұмсаған еркек «ата-анаңа айтсаң, жаныңды шығарамын» деп балаларды әбден үркіткен. Ұрып-соғып, бар зәһарын шашып болған соң, ізім-ғайым жоғалған. Ал балаларының күн ұзаққа жоқ болып кеткенін аңғарған ата-аналар өзі дабыл қағып іздей бастаған.

Маржан Елікбаева, жәбірленушінің анасы:

Ұлымнан сұрасам, ештеңе айтпаймын, мен қорықтым дейді. Өйткені бізге «айтпа» деп айтты дейді. Баламның ішінен тепкен, камерадан да көрініп тұр, аяусыз тепкен. Бала кеше ет қызумен байқаған жоқ. Таңертең ішім деп бүрісіп жатып алды.

Таяқ жеген үш баланың бәрі дәрігердің көмегіне жүгінген. Ал «мойнымды бұрап қылқындырды» деген Ілияс түнде бір минут көз ілмедім дейді.

Мені қылқындырды, міне, қызарып тұр. Қылқындырып, шашымды жұлды.

Балаларының мүшкіл хәлін көрген ата-аналар бірден полиция мен жедел жердәм шақырады. Десе де тұрғындардың айтуынша, ішімдік пен нашаға тойып алған қаскөй есікті ашуға асықпаған. Ең соңында құтқару қызметі келіп есікті бұзып ашыпты.

Сұлтан Қадыров, жәбірленушінің ағасы:

Бұл біздің 14-ші қабаттағы көршіміз. Менің ойымша, ол арақ ішкен немесе есірткі қолданған. Туған інім қатты қорыққан. Дұрыстап ұйықтамады, түні бойы жылап. Түні бойы полиция департаментінде болып, таңға жуық келдік.

Байқоңыр ауданының полиция басқармасы балаларға жұдырық ала жүгірген осы үйдің 30 жастағы тұрғыны екенін анықтап, бірден қамаған. «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Енді мұндай бұзақылықтың жазасы да ауырлайды. Тиісті заңды қазір Мәжіліс қарап жатыр. Отбасындағы озбырлық, балаларға жасалған қиянат немесе Астанадағы жағдай сияқты жұдырық жұмсау енді әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты:

Бұл жерде тергеу органдары тергеу жүргізген кезде денсаулыққа тигізген зиянның деңгейін анықтау қажет. Ол орта ма, ол шын мәнінде жеңіл зиян келтірді ме, әлде ол ауыр зиян келтірілді ме, соған байланысты болады. Біз ұсынып отырған заң жобасында аталған әкімшілік құқық бүзушылықтан алып тастап, қылмыстық кодекске енгізіп отырмыз.

Қазір арнайы тағайындалған медициналық сараптама жұдырығы жуан көршінің қанын тексереді. Ал айыбы дәлелденсе, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 7 миллион теңге айыппұл арқалауы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде