Жартытөбе ауылында мұғалімдер мен оқушылар уланып қалды
Түркістан облысында мұғалімдер мен оқушылар жаппай уланып қалды. Оқыс жағдай Сарыағаш ауданындағы Жартытөбе ауылында болған. Сенбі күні сырланған мектептің іші дүйсенбіге дейін кеппей, 39 оқушы мен оннан астам мұғалім бояудың иісінен өздерін нашар сезінген.
Автор: Бек Әбиев
06.02.2024
— Сабақ өтіп жатқан жоқ. Балалар бояу иісіне шыдай алмай шығып жатыр. Сабақтың бәрі тоқтатылды. Оқушылар қашып шығып жатыр ...
Осы мектепке жаңа тағайындалған директор жұмысты тазалықтан бастамақшы болыпты. Сөйтіп сенбі күні мұғалімдер мен жоғары сыныптың оқушыларын шақырып, ғимаратты түгел әктетіп, сырлатқан. Бірақ демалыс күндері жағылған бояудың иісі сейілмепті. Содан басы ауырып лоқсығандар шетінен жедел жәрдем шақыртыпты. Оқушылар мен мұғалімдердің бір бөлігіне мектеп ауласында көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылса, үш ұстаз ауруханаға жіберілді. Аяғы ауыр бір мұғалім әлі ем алып жатыр. Ал келгеніне бір аптаға да жетпеген директор дереу жұмыстан шеттетілді. Білім ошағы уақытша жабылды. Оқыс жағдай бойынша тіпті қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Жаннұр Ахметбек, Сарыағаш ауданының прокуроры:
—№9 Майлықожа атындағы мектептің оқушылары мен мұғалімдерінің улану фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігімен, яғни санитарлық ережені сақтамау, адамдардың жаппай улану дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу нәтижесімен тиісті кінәлі тұлғалардың әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!