Бірқатар өңірде ақша бопсалап келген қылмыстық топтар ұсталды
Қорқытқан, күш қолданып ақша жинаған! Ішкі істер министрлігі бірқатар өңірде ақша бопсалаумен айналысқан жастардан құрылған қылмыстық топтарды ұстады.
Автор: Мерей Қалиасқар
06.02.2024
Мұндай қылмыс көбіне ашылмайды екен. Себебі жәбірленушілерін қорқытып тастағандықтан, яки өзге де себептермен олар полицияға жүгінбейді. Кейінгі кездері жер-жерде заңды белшесінен басып, азаматтардың құқықтарын өрескел бұзатын жайттар көбейіпті.
Мәселен, Алматы облысында 20-дан енді асқан үш тұрғын өрімдей жас қызбен келісе отырып, адамдарды алдап пәтерге апарып отырған. Кейін қоқан-лоққы көрсетіп, күштеп ақша аударуын талап еткен.
Ал Ақсу қаласында өрімдей жастардан құралған топ жәбірленушілерді қорқытып, несие ресімдеуге мәжбүрлепті. Ақша ғана емес, тауарлар сатып алуға да көндірген. Атырауда тіпті 2005 жылы туған колледж студентінен екі шолақ мылтық пен әртүрлі калибрлі 60 патрон тәркіленді. Заңсыздыққа жол берген аймақ бұл ғана емес.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы
— Абай облысында студенттерді қорқыту арқылы ақша бопсалаумен айналысқан семейлік жас тұрғындардан құралған топтың қылмыстық әрекеті анықталды. Жәбірленушілердің бірі – жергілікті үниверситеттің екінші курс студенті, өткен жылдың тамыз айынан бастап қаскөйлерге 700 мыңнан астам теңге берген. Күдікті қамауға алынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!