Олжас Бектенов Үкіметке жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындауға сөз берді
Орталықтан тапсырма күтпей, өздігінше әрекет етуге талпыну керек! Мемлекет басшысы бүгін жаңа Үкіметпен өткізген жиында жергілікті әкімдерге осындай ескертпе айтты. Су жаңа премьер Олжас Бектеновке артылған міндеттер де осы жиында жіпке тізілді.
Автор: Айжан Шамшидин
07.02.2024
Бюджеттің дұрыс жұсалмауы, сол жыртықты жамау үшін салықтың көтерілуі, зейнетақы қорындағы қаржы мен квазисектордағы көп мәселе қозғалды. 30 жылда Астана мен Алматының арасын жалғайтын сапалы автожолдың болмауы да президенттің ашуына әбден тиген.
Жаңа премьер тағайындалып, бірсыпыра министрлері ауысқан ескі де жаңа Үкімет бүгін президенттің қатысуымен алғашқы жиынын өткізді. Кешеден бері мемлекет басшысы кімге қандай тапсырма береді екен деген сауал сол жағалауда желдей ескен. Үкімет жұмысына президент, жалпы алғанда көңілі толмайтынын айтты. Әсіресе қаржы министрлігінің жаңа жасап жатқан Салық кодексіндегі қателіктер тайға таңба басқандай көрініп тұр деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосымша құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосымша құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін.
Сын садағына оңбай ілінген — аймақ әкімдері. Өңірдің өмірін жақсартамын деп кеткен шенеуніктер, түптеп келгенде бюджетті сауын сиырдай көруден басқа түк білмей отыр дейді президент. Шетелден инвестор тартып, бар қаражатты айналдырудың орнына мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентацияларды ай емес, апта сайын өткізіп, есепсіз іс-сапарлар жалғасуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал аймақтарға барып жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда еш әрекет етпей, не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады.
Оңтүстіктегі ағайынның судан биыл да тарығамыз ба деген қаупі президентке жеткен. Жуырда ғана құрылған Су және иррегация министрлігінің жұмысына мемлекет басшысы «екі» деген баға берді. Өзге елдің су шаруашылығына жауапты атқамінерлері баяғыда жаздың қамын ойлап қойса, біздікілер енді ғана су концепциясын бекітіпті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Арнайы құрылған су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Ал көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал бізде болса, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды.
Квазимемлекеттік комапниялардың әкімшілік шығыны шаш етектен. Президент аудиторлық палатаға мұндай ұйымдардың ізіне майшаммен түсіп, бірін-бірі қайталайтын, экономикаға бір тиын пайдасы жоқтарды қысқартуды тапсырды. Тексеріс бірінші кезекте "Самұрық-Қазына" қорынан басталуы керек деп санайды Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал сіз бен біздің зейнетіміздің бейнетін көреміз деп жинап жатқан қордағы ақшамыз босқа жатпай, экономикалық айналымға түсуі керек.
Пара алуға құмбыл ақ жағалылар енді өздері-ақ аяқ тартатындай. Себебі жаңа премьер Олжас Бектенов жемқорлармен күресті әдемі сөз үшін емес, нақты іспен дәлелдеймін деп білек сыбанып отыр. Сыртқа кеткен есепсіз активтерді әрі қарай да бюджетке қайтару алға қойған міндеттердің бір парасы. Жиын соңында Бектенов Үкіметке жүктелген 10 тармақтан тұратын тапсырманы мүлтіксіз орындауға Президентке сөз беріп, нәтиже болатынына сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!