Қарағанды облысында жолға шығып кеткендер құтқарылып жатыр
Қарағанды облысында қатты боран соғып, барлық бағыттағы жолдар жабылды. Қаланың іші-сыртында жол апаттарынан көліктер ұзын-сонар кептелісте қалды. Дауылды ескерту жарияланып, боранға дейін шығып, жолда қалғандар құтқарылып жатыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
07.02.2024
Қарағанды -Теміртау тасжолында бірден үш көлік соқтығысқан. Бір адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Секундына 28 метр жылдамдықпен соққан жел мен көктайғақтан көлік қозғалысы қиындады. Сондықтан Қарағанды – Теміртау - Астана бағыты жабылды. Жолда кептелісте қалған автобус жолаушыларын төтеншеліктер жылы жерге жеткізіп жатыр.
Қаланың іші де аласапыран, әр жерде болған жол апаттары қозғалысты қиындатып, көлік кептелісі көбейген. Әзірге жел қарқыны қайтар емес. Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Алдағы екі күнде облыс көлемінде қар аралас жаңбыр, артынан ақтүтек боран болуы мүмкін дейді. Көктайғақ та бар. Құтқарушылар мен жол сақшылары тұрғындардан алдағы күндері алыс жолға шықпауды сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!