{metadescription}
Үкімет Семейде өртенген сауда орталығындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді
Үкімет Семейде өртенген сауда орталығындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

Үкімет Семейде өртенген сауда орталығындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

Семейде отқа оранған ірі сауда орталығындағы кәсіпкерлерге үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл туралы бүгін вице-премьер Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Алайда тауары күлге айналып, бір күнде барынан айырылғандардың шығынын жауып бермейді. Тек кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріп, жұмыссыздарын жәрдемақымен жарылқайды.

Бір тәулікке созылған өрт ауыздықталып, оның шығу себептері анықталуда. Жеті мың шаршы метр аумақты шарпыған қызыл жалынның зардабын КТК тілшісі біліп келді.

Тәуілік бойы отқа оранған сауда орталығының жеті мың шаршы метрі күлге айналды. Қазір өрт сөндірушілер бықсыған жерлерді сөндіру жұмысын жалғастырып жатыр. Ал бір күнде бар тауары күлге айналғандар кімнен өтемақы талап ететінін білмей дал.

Шамамен сауда орталығында 400-ге жуық дүңгіршек болған. Қазір оның құр қаңқасы ғана қалған. Ірі орталық қасқағым сәтте күлге айналды. Енді зар қаққан саудагерлер мемлекетке алақан жаюға мәжбүр.

Анар Бейсембаева:

Екі мыңнан астам кәсіпкер тақырға отырдық. Мысалы, мен жалғызбасты анамын. Менімен тағдырластар көп. Қазір бізге өтемақы төленбейді деді. Не мемлекет тарапынан, не сауда орталығынан. Түк қалған жоқ. Бәрі жанып кетті. Қалай күн көреміз?

Бір күнде барынан айырылып жұмыссыз қалған екі мыңнан астам саудагерге Үкімет тарапынан көмек көрсетілетін болды. Ол үшін әр кәсіпкердің шығын көлемі есептелуі тиіс дейді вице-премьер Тамара Дүйсенова. Бірақ өртенген тауарының құнын өтеп, сатушылардың қалтасына ешкім қаражат салып бермейді. Тек зардап шеккендерге мемлекеттік бағдарлама аясында 2,5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріліп, жұмыссыз қалғандарына жәрдемақы төленеді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

  Оларға басқа базарлардан жұмыс орны ұсынылады. Яғни сол жерде тауарларын сатуға мүмкіндік алады. Егер оларда мүлдем ешқандай мүмкіндік болмаса, онда біз оларды жұмыссыздар ретінде тіркеп, алты ай бойы жәрдемақы төлейміз.

Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап, ал полиция қызметкерлері кәсіпкерлерден арыз қабылдап жатыр. Тілсіз жауға қатысты сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу де басталды.

Мейіржан Қалиасқаров, Абай облысы прокуратура басқармасының бастығы:

Сауда орталығында орын алған өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Іс жергілікті полиция қызметкерлерінің қаралымында. Арнайы комиссия құрылды. Өрттің шығуын анықтауға Павлодар және Шығыс Қазақстан облысының сарапшылары жұмылдырылды.

Сонымен қатар саудагерлердің банк алдындағы несиелерін төлеуді үш айға шегеруге өтініш жіберілді. Барынан айрылған қараша тақырға отырғанын дәлелдеу үшін құжат жинауға кіріскен. Ал отқа оранған сауда үйінің маңын әлі де полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары қоршауға алып тұр. Адамдардың ол маңнан өтуіне тыйым салынған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде