Роман Скляр: Майқайыңға халықаралық құтқарушылар шақырылмайды
«Майқайыңға халықаралық құтқарушыларды шақырудың қажеті жоқ». Бүгін вице-премьер Роман Скляр Павлодар облысындағы кенішке құлап кеткен автобусты іздеу жұмысы жалғасатынын айтты.
Автор: Ақмаржан Қалымбек
07.02.2024
Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:
— Майқайыңға халықаралық құтқарушыларды шақырудың қажеті жоқ. Себебі тәжірибеде мұндай бұрын-соңды болмаған. Төтенше жағдайлар министрлігі шұңқырға құлап кеткен әріптестерін құтқару үшін бар күшін салды. Өз жұмысшылары қаза тапқан ұйым да қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
Дегенмен шыңырау түбінде жоғалған құтқарушыларды іздеу жұмысы нақты қанша уақыт алатыны белгісіз дейді Роман Скляр.
4 қаңтар күні «Майқайың алтын» кеніші маңында жер опырылып, төрт адам мінген автобус жер астына түсіп кеткен. Екі құтқарушының денесі сол күні табылып жерленді. Қалған екі азамат сол күйі табылмай жатыр. Бірнеше күн бұрын іздеу жұмыстары да тоқтатылған еді. Өйткені қазаншұңқырдың түбінде ойық пайда болған. Бұл құтқарушыларға қауіпті екен.
Бүгін арнайы құрылған комиссияның шешімімен іздестіру қайта қолға алынды. Бірақ тұңғиыққа құлап кеткен автобусты табумен енді кен байыту комбинаты өзі айналысады. Қазір шыңыраудың түбіне апаратын жол кеңейтіліп жатыр. Қауіпсіз жол салынып болған соң іздестіру қайта жандандырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!