{metadescription}
Көпбалалы аналар: Әлеуметтік көмек төрт есе азайды
Көпбалалы аналар: Әлеуметтік көмек төрт есе азайды

Көпбалалы аналар: Әлеуметтік көмек төрт есе азайды

Алматы облысында тапқан-таянғанын жеткізе алмай тұрмыс тауқыметін тартқан аналар наразылықтарын білдірді. Айтуларынша, мемлекеттен ай сайын түсетін атаулы әлеуметтік көмектің құны биылдан бастап кенеттен үш-төрт есе азайып кеткен. Оған табысты артығымен есептейтін жергілікті шенеуніктерді кінәлап отыр. Шарасыз күйге түскендіктен ауыл әкімдігінде шу шығарған көпбалалы аналардың жанайқайын КТК тыңдап көріп келді.

Жетпейді. Сендердің беріп жатқан ақшаларың жетпейді. Тағайындап жатырсыңдар, соны міндетсінесіңдер. «Ойбай, үйің үлкен» деп, алдында қайтарып жібердіңіз. Үйім кең болса да, қабырғасындағы түсқағазын, жихазын жемейтін шығармын.

Бұл қаржыдан қысылып таршылықтан тұншығып жүрген Феруза Тастанбекованың жанайқайы. Қазір бір бөлмені ғана жалдап, үш баласын жалғыз асырап отыр. Жұмысқа шығып нан табайын десе, кенжесі церебралды сал ауруына шалдыққан. Бағып-қағатын өзі ғана. Мүгедектігі үшін түсетін жәрдемақы, алимент пен атаулы әлеуметтік көмектің арқасында өлместің күнін кешіп жүрміз дейді.

Феруза Тастанбекова:

Осы уақытқа дейін үш айға дейін 96 мың АӘК шығып жүрді. Одан кейін бірден 22 мыңға түсті. Мен оны қыздардан сұрасам, жауап бермейді. Нақты жауап жоқ. Үкіметтің көмегі біртінрдеп қысқарып жатыр. Сол үшін осылай әр жерге жүгіріп жүрміз. Балалар үшін. Өйткені басқа табысымыз жоқ. Жұмысқа шыға алмай жіпсіз байлаулымыз.

Шарасыздың күйін кешкен аналар бүгін әкімдік алдына жиналды. Атаулы әлеуметтік көмектің үш-төрт есе аз түсуі тікелей жергілікті әкімдіктің кесірі деп отыр.

Құрбанай Анарқұлова, көпбалалы ана:

Неге азайып жатыр?! Неге дұрыстап бізге жауап бермейді?! Біз ол кісілерге құл сияқтымыз, солай қарым-қатынас жасайды. Қосымша заңсыз табыс жазады. «Сізге 10 мың теңге кіріс жазып қойдым» дейді. Ал менде ондай кіріс жоқ.

Рабиға Балқиева, көпбалалы ана:

Бес балам бар. 200 мыңнан жоғары ақша түсуі керек. Содан ана кіріспен алып тастайды да, атаулы әлеуметтік көмектің қалған жетпеген ақшасын үкімет өзі беруі керек. Ал, енді сол ақша ойымыздағыдай емес. Одан төмен ақша түсіп тұр. Сонда қалғаны қайда кетті?

Шенеункітер ол ақшаны «біз есептемейміз» деп басын ала қашты. Айтуларынша, әкімдіктегілердің міндеті өтінім берген адамның тұрмыстық жағдайы мен мүлкін тексеру. Яғни құжат түгендеу ғана. Ал қаражатты база есептейді деп отыр.

Өміржан Апсаматов, Іргелі ауыл округі әкімінің орынбасары:

Адамдардың бәрі мемлекеттен сол ақшаны алғысы келеді. Бізде арнайы комиссия құрылған, алты адам. Барып үйін көреміз. Керемет үйде тұрып жатса, сұраймыз «сіз жұмыс істемейсіз, бала күтімінде отырсыз», жолдасының жалақысын көрсетеді, ресми түрде 70 мың теңге, «мынандай үйде 70 мың теңгеге қалай күн көресіз, бес балаңыз бар, үйіңіз үлкен дейміз. Сол кезде ол кісілер «маған ана жақтан, мына жақтан кіріс түседі, туысқандарым көмектеседі» дейді. Соны өз еркімен жазып береді.

Әкімнің кабинетіне кіріп шу шығарған аналар ақыр соңында шағымын қағаз бетіне түсіріп тарқасты. Шенділер әр адамның мәселесін жеке-жеке қараймыз деп сендірді. Бірақ одан нәтиже шыға ма, шықпай ма, ол жағы белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде