Боран: Ақтөбе облысының екі ауданында төтенше жағдай жарияланды
Ақтөбе облысының екі ауданында боранға байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бұл өңірде бірнеше күннен бері ақтүтек боран басылмай тұр. Облыс орталығындағы елдімекендерде әлі де жарық пен жылу жоқ. Көршілес Батыс Қазақстан облысында да осындай жағдай. Қырықтан аса ауылда электр желілері үзілген. Алай-дүлей бораннан Қостанай мен Қарағанды өңірлерінің де жолдары жабылды.
Автор: Жаңалық Ахаш
08.02.2024
Ақтөбе облысында алай-дүлей боран әлі басылмай тұр. Көк дауылдан аудандардағы әлеуметтік нысандарға залал келген. Хромтау ауданындағы екі мектептің спорт залының шатыры мен көпқабатты бір үйдің төбесін жел ұшырған. Ал Әйтеке би ауданында бір мектеп шатырсыз қалса, Үшқатты ауылындағы мектептің сыртқы қасбеті құлаған. Сондықтан осы аудандарда төтенше жағдай жариялауға тура келді.
Нұрғали Жүнісов, Ақтөбе облысы ТЖД бастығы:
— Бүгін Әйтеке би және Хромтау аудандарында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Қазір екі аудан әкімдерімен бірлесіп, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, әлеуметтік нысандардағы мекемелер бар, сонымен қатар жергілікті тұрғындарға электр желісі бар, басқа да шығынды анықтаймыз.
Ақтөбеден Қарабұтақ ауылына дейін қазір екі жарым мыңға жуық көлік кептелісте тұр. Көбісі жүк көліктері. Бораннан сақшылар оларды не әрі, не бері жібермейді. Жолда қалған жүргізушілердің де шыдамы таусылған. Тазармаған жолға шағым айтып бейнеүндеу жариялауда.
— Мына жерде мың шақты машина жиналды. Тұрғанымызға екінгі тәулік. Халықта не тамақ жоқ, не солярка жоқ, бітті. Қазақта «Қазавтожол» деген аты бар компания бар ғой. Атың құрығыр. Басында, билігінде отырған жемқорлар бар емес пе, солар орнына бір тұрып, жолды тазалай ма, тазаламай ма?! Халық деген қырылайын деп жатыр.
Ал «Қазавтожолдағылар» болса, боран басылмай түк істей алмаймыз дейді. Жаңа тазартқан трассаны әп-сәтте қайта қар басады деп ақталады.
Асылбек Мұхамедқалиев, «Қазавтожол»ҰК АҚ Ақтөбе облысы филиалы директорының орынбасары:
— Боранның, желдің күшеюінен техника жұмыс істемей жатыр. Қазір жел, бәрі басылғаннан кейін, ауа райы орнына келгеннен кейін, 6-8 сағатта қозғалыс береміз.
Жедел жәрдемдегілер де бораннан діттеген жеріне жету қиындағанын айтады. Хромтау қаласында дәрігерлер қарға омбылап, науқастың үйіне еңбектеп әрең жеткен.
Ақтөбе өңірінде екі мыңнана аса абонент әлі жарықсыз отыр. Оның көбі облыс орталығындағы елдімекендер мен ықшамаудандарда тұрады.
Ержан Жексембинов, "Энергосистема" ЖШС бас директор:
— Жел мысалы тоқтаған жоқ. Ол дауыл тұрғанның өзінде боран тұрып тұр. Біз ол барып жаңағы істеп кеткен жерімізден біз қайта баруымызға тура келіп жатыр. Істеп кетеміз. Бір сағатқа жетуі мүмкін немесе 20 минут әр кезде әрқандай болады. Кеше түнде істегендеріміз бүгін қайтадан аварияға ұшырап қайта барып, қайта жұмыстануға тура келіп жатыр.
Бораннан Батыс Қазақстан облысындағы елуге жуық ауыл жарықсыз қалды. Онда да көрші өңірдегідей жағдай. Сырым ауданында екі жарым мың шыңарықтың, Қаратөбе ауданында мыңнана аса үйдің, Бәйтерек пен Теректі аудандарында бес жүзден абоненттің электр жарығын кешелі бері қоса алмай жатыр. Бөрлі ауданы мен Орал қаласында да жағдай оңып тұрған жоқ.
Қостанай облысында бораннан жолдар жабық. Жапалақтап жауған қармен, ұйытқи соққан бұрқасынан қарыс адым көрінбейді. Соның кесірінен жол көлік апаты көбейген.
Вадим Исаев, Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторы:
— Патруль және учаскелік инспекторлар қатарынан 420-дан астам полиция қызметкерлері аймақтағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүргізушілерге көмек көрсетті. Жолда қалған 400-ге жуық көлік болды. Облыс бойынша 30 жол көлік оқиғасы тіркелді. Зардап шеккендер жоқ.
Боранда адасып кеткендер де көбейген. Қарағанды облысында жеті жастағы баланы анасымен бірге құтқарушылар бүгін таңертең тапты. Олар Ақтоғай ауданындағы Айыртас ауылынан шығып адасып кеткен.
Ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боранда желдің бағытымен ауылдан алты шақырым жерге бір-ақ кетіпті. Әйтеуір түні бойы қардың астына көміліп жатып, үсіктен аман қалған. Қазір олар аудандық ауруханада.
Жалпы Қарағанды облысында боран қарқыны әлі басылар емес. Републикалық маңыздағы тас жолдардың барлығы жабық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!