«Енді қателесуге болмайды». Ақмарал Әлназарова жұмысын МӘМС жүйесін реттеуден бастайды
«Жұмысты бастап кеттік». Депутаттық мандатын өткізіп денсаулық сақтау министрлігінің басшысы қызметіне тағайындалған Ақмарал Әлназарова ең әуелі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реттемек. Су жаңа министр билік пен қоғам тарапынан сын тезіне іліккен салада енді қателесуге болмайтынын жеткізді.
Автор: Мерей Қалиасқар
08.02.2024
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— Кеше кеңейтілген Үкімет отырысында Президент тарапынан тиісті ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Оның енді нақты тапсырмасы — МӘМС жүйесі. Бүгінгі күні нақты нәтиже көрсетіп отырған жоқ. Осыған байланысты МӘМС жүйесіне сын көзқараспен қарап, негізгі жұмысын өзгерту мәселесін алдымызға қойды. Күні кеше біз бұл жұмысты бастап кеттік десек те болады.
Бес жыл бойы тиісті нәтиже көрсетпеген жүйені жетілдіру үшін шетелден білікті сарапшылар да тартылмақ.
Айта кетейік, соңғы бір жылда медицина қызметінің сапасына шағымданатындар 20 пайызға артқан. Ал маңызды саланы дамытуға биыл 2,8 триллион теңге бөлінген. Бұл ретте ведомство басшысы ысырапқа жол бермеу үшін түгел хаттама мен стандарттарға жалпы аудит жүргіземін деп бекініп отыр.
Сондай-ақ, Әлназарова трансплантология мәселесін назарға алмақ. Оған елдегі 4 мыңға жуық адамның ағза алмастыру операциясын күтіп жүргені себеп. Донор тапшылығы жайында парламентте бірнеше мәрте сөз сөйлеген экс-сенатор бұл жұмысты кезең-кезеңімен іске асырмақ. Ол бірінші кезекте халықтың өзі бұған дайын болу керек деп есептейді.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— Бұл салада жетілдіретін тұстары бар шығар. Менің ойымша, халықтың өзі бұған дайын болуы керек. Біріншіден, мұны мәжбүрлі түрде жасауға болмайды. Біздегі заңнама ағза донорлығын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан аталған мәселелер бойынша тиісті қадамдар жасап, ақпараттық жұмыс және халықтың қолдауы арқылы осыны кезең-кезеңмен іске асыру қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!