{metadescription}
Алматыда лай көшкінінен төрт адам қаза тауып, екі үйге зақым келді
Алматыда лай көшкінінен төрт адам қаза тауып, екі үйге зақым келді

Алматыда лай көшкінінен төрт адам қаза тауып, екі үйге зақым келді

Алматыда лай көшкіні тұрғын үйді аударып, баспана ішінде болған төрт адам түгел қаза тапты. Ерлі-зайыптылар мен оның 2007 жылы туған егіз ұлдарының денесін төтеншеліктер түс ауа қирандының астынан алып шықты. Таудан сырғыған 3200 текше метр сазды топырақтан екі үйге зақым келген. Төтенше жағдайдың туындауына бірнеше себеп келтіріп отыр.

Соның негізгісі тау бөктерінде салынған үйлердің кәріз құбырларының дұрыс тартылмауы. Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.

Төтенше жағдай түнгі сағат екіден асқанда Медеу ауданының "Тау Самалы" шағын ауданында болды. Таудан сырғыған құм, тас пен саз аралас 3200 текше метр лай баспананы аударып тастаған. Тұрғындар қатты дыбыстан оянған. Бірнеше дүмпуден бөлмелердегі жиһаздар мен шамдар дірілдей бастағанда тағы да жер сілкінді ме деп ойлапты.

Ескендір Ақынов:

Басында шкаф қозғалды. Көршілер бір нәрсе істеп жатқан шығар деп ойладық. Төсек қозғала бастаған соң қатты сездім.

Назым Боржумбаева:

Қатты қорықтық. Көршілер далада жүрді. Қарасақ, полиция, жедел жәрдем бәрі келіпті. Көбісі такси шақырып қалаға қарай кетті, қорыққаннан. Ал қалғаны мектепке кірді.

Абдырап қалған тұрғындар жолдың қарсы бетіндегі мектеперге уақытша орналастырылды. Жедел штаб құрылып, құтқару жұмыстары басталып кетті.

Қазір апат орнында 200-ге жуық құтқарушы мен 32 техника жұмыс істеп жатыр. Құлаған үйдің аумағы қоршалған, ешкімді кіргізбейді. Төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша үйінді астында қалған төрт адамның екеуі ерлі-зайыптылар мен 16 жастағы егіз жасөспірімдер.

Жедел-құтқару жасағы бірнеше ауысыммен жұмыс істеді. Саз аралас лайды аршу қиынға соққанын айтады.

Біржан Байқұлов, ТЖМ республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:

Саз балшықтан үйге-үйге алып жұлып кетті.Соның ішінде адамдар бар деді. Сосын жұмыс барысы бойынша кинологтарды жібердік.Олар әр қайсысын қарап, иттермен іздедік. Үйдің шатырын ақырындап кесіп, адамдарды іздеу басталды. Түнімен жұмыс істедік. Саз балшықты аршу қиын, мәйіттерді алып шығу үшін мұқият тазаладық.

Төтеншеліктер егіз ұлдардың бірінің денесін алып шықты. Түс ауа құтқарушылар үйінді арасынан1980 және 1984 жылы туған ерлі-зайыптылар мен екінші ұлдарының мәйтін тапқан. Бұл отбасында жалғыз аман қалған ұлдары шетелде білім алуда. Бір мезетте бүкіл жақынынан айрылған оған қаралы хабарды жеткізіп, әкімдік тарапынан қаржылай және психологиялық көмек берілетіні айтылды.

Мамандар техногенді апатқа қатысты бірнеше болжам жасады. Негізгілері топырақтың шамадан тыс дымқылдануы және тау бөктерінде тұрғызылған баспаналарға кәріз жүйесінің дұрыс тартылмауы.

Арнайы құрылған комиссия нақты себебін алдағы уақытта жариялайтын болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде