Алматыда тау бөктеріндегі құрылыс енді қатаң бақылауға алынады
Алматыдағы лай көшкінінен кейін тау бөктеріндегі құрылыс қатаң бақылауға алынбақ. Қала әкімдігі кешенді тексеріс жүргізбекші. Жалпы таулы аймақтарда баспана тұрғызу мәселесін шаһар басшысы бұған дейін көтерген-міс. Осыдан екі жыл бұрын қала мәслихатымен бірлесіп 15 градустан асатын еңісте құрылысқа тыйым салынған.
Автор: Әсем Лесбек
09.02.2024
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
— Осы норма қабылданған сәттен бастап таулы жерлерде заңсыз құрылыстың анықталған 54 фактіден соттарға 45 талап-арыз берілді, оның 31-і қаланың пайдасына шешілді, 4-еуі қарастырылуда. Қалған 9-ы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды және сотқа талап-арыздар дайындалуда. Өкінішке қарай, «Тау Самалындағы» қайғылы оқиға тау бөктеріндегі құрылысты бақылауды одан әрі күшейту қажеттігін тағы да дәлелдеді.
Ал «Тау Самалы» шағын ауданындағы баспаналардың ертеңгі күні не боларын ашып айтпады. Нысандар алдағы уақытта сүріле ме, сүрілмей ме, ол жағы да әзірге белгісіз. Ал жергілікті урбанистика басқармасы бұл аудандағы жер үйлердің, тіпті элиталық нысандардың сонау Кеңес үкіметі кезінде салынғанын айтып айды аспанға бір-ақ шығарды.
Мәди Бөкейханов, Алматы жоспарлау және урбанистика басқармасы Медеу ауданының бөлім басшысы:
— Жоғарыда айтылған жер теліміндегі құрылыс Кеңес үкіметі кезіндегі 1958-89 жж. салынған құрылыс. Қазір жаңадан бекітілген нақты жоспарлау жобасы бойынша мұндай жерлерді біз жалпы «жасыл желектер» аумағына енгіздік. Бұл жерлерде құрылыстарды дамытпау үшін. Оның себебі, «жасыл желектер» аумағында қандай да бір жаңа құрылысқа рұқсат берілмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!