{metadescription}
Техникасы қырық жылғы, киімі қырық жамау орманшыларға жасанды интеллект енгізбек
Техникасы қырық жылғы, киімі қырық жамау орманшыларға жасанды интеллект енгізбек

Техникасы қырық жылғы, киімі қырық жамау орманшыларға жасанды интеллект енгізбек

Орман өртін жасанды интеллектпен анықтау мүмкін бе? Мәжілісте экология және табиғи ресурстар министрі жария еткен осындай жаңашылдыққа депутаттар сенген жоқ. Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, жасанды интеллект деректерді тез өңдеп, жылдам шешім қабылдауға мүмкіндік береді екен. Десе де орманшылардың жасанды интеллект түгілі, техникасын 40-50 жылдан бері жаңалай алмай отырғаны талайдан айтылып жүр. Ең аяғы киімдері де қырық жамау. Ал мәселе сол күйі шешілмеген.

Бұл орман өрттерінің алдын алу мен өртке қарсы күреске арналған құрал-жабдықтар. Көрген көзге оттай басылатын замауани тың дүниелер көрмеге ұсынылғанымен, бұны іс-жүзінде, яғни апат жағдайында кезіктірмейсің.

Бұған елді елең еткізген соңғы екі алапат өрт дәлел. Қостанай мен Абай облысындағы төтенше жағдайда орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық нашар жайы жабырқатқаны есімізде. Техника паркі өткен ғасырдың 70-80 жылдары шығарылған көліктерден құралса, орман шаруашылықтарының жабдықтары мен арнайы киімдері де жаңартылмаған.

Дәулет Мұқаев:

Біз қайырымдылық қорымен 4 млн-ға жуық ақша жинап, өрт сөндірушілерге киім,шұлық, тіпті тамаққа дейін сатып алған жағдайлар болды. Білмеймін, бюджеттен қаржы бөлінеді. Бірақ өрт сөндірушілер ол жерде жатып өрт сөндірді. Жер деген ыстық. Анау берцының өзі ыстықтан еріп кетіп жатты.

Тілсіз жаумен арпалысқан жандардың мектептің еденінде жатқан суреттері де әлі есімізде. Экология министрі өртке қарсы киім алуда бөлінген қаржының жартысын ғана игере алғанын жеткізді. Бұған арнайы конкурстың қиындығы да себеп деп, мәселені кезең-кезеңімен шешуге сөз берді.

Ал мәжілісмен Еділ Жаңбыршин жоғары оқу орындарында «орман ісі» мамандығы бойынша грант санын арттыруды тілге тиек етіп, «Болашақ бағдарламасына» тоқталды.

Еділ Жанбыршин, Мәжіліс депутаты:

«Болашақ» бағдарламасы аясында осы мамандық бойынша мемлекеттік грант қарастырып, орман өртін сөндіруде озық жүйелер мен әдістер қолданылатын Оңтүстік Корея, Түркия, Финляндия сияқты елдерге оқуға жіберу қажет. Біздегі ақпаратта «Болашақ» бағдарламасы бойынша осы күнге дейін бір де-бір маман даярланбаған.

Жалпы орман мекемелерінде кадр жетіспейді. Бұл мамандыққа сұраныстың жоқтығы түсінікті де. Себебі жүктеме көп. Тек бір орманшының қамтитын аумағы 3 мың гектар. Ал жалақысы...

Нартай Сәрсенғалиев, Мәжіліс депутаты:

Өте ұят нәрсе. Өйткені былтыр орман шаруашылығындағы өрт сөндірушілер 64 340 теңге алып жүрді. Бірінші қаңтардан бастап қосылды ғой, қанша болды десем, «9 мың теңге қосылды» дейді. 80 мың теңгеге жетпейтін ақша аламыз дейді. 2025 жылы үйтіп-бүйтіп қосқаны, үкіметтің, 164 808 теңге болады екен. Оның пайыздарын алып тастасаңыз, 140-135 мың теңгенің шамасы. Меніңше, бұл түкке де жетпейтін ақша. Бұл орманшылардың жұмысын бағаламаудың, былай қарағанда, оларға немқұрай қараудың салдары деп білемін.

Ерлан Нысанбаев, Экология және табиғи ресурстар министрі:

Баяғыда бірінші Петр айтыпты ғой: «орманшыларға жалақыны көп төлемеңдер» деп, орманшылардың бәрі жек көреді ол кісіні. Неге, орманшылар аштан өлмейді, аштан өліп бара жатса, аңды атып жейді, анау қарақатты теріп жейді деп. Ол заман кетті, бірақ жалақыны нақты көтеру керек екенін, жалпы ол жеткіліксіз екенін бәріміз білеміз. 150 мың, әрине, аздау.

Орманшылардың жалақысы биыл реті келсе, көктемде шешілуі тиіс деді министр. Орманшыларды қойып, орманға келгенде депутаттар Нысанбаевты әбден нысанаға алды. Әсіресе оның жасанды интеллект пайдаланамыз, орман өртін ерте анықтаймыз дегеніне көбі күмәнмен қарады. Тіпті мәжілісмендерді қойып, үкімет сағатына шақырылған цифрлық даму министрлігі де бұл сөзге илана қоймады. Себебі ормандарда байланыс орнату әсте мүмкін емес екен. Ал орман өртімен күресте төтенше жағдайлар вице-министрі біз тек көмекші мемлекеттік мекемеміз деумен болды.

Айта кетейік, соңғы екі жылдағы екі ірі өрттен келген залал сомасы 182 миллиард теңгені құраған және 100 мың гектардан астам орман жойылды. Сол өрттің неден тұтанғаны, яғни төрттен бір бөлігі сол күйі анықталмады. Ал жалпы шығын шамамен 384 миллиард теңге. Мәселе орманшы мен орманмен бітпейді.

Қорыта айтқанда, Президенттің былтыр қыркүйекте берген тапсырмалары әлсін-әлсін болса да орындалып келе жатыр. Дегенмен әлі де кейбір жүйелі мәселе толық шешідмеген. Егер оны түзетуді қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта өрттің қайталануы әбден мүмкін. Өйткені жаз қатты ыстық болады деп болжануда, сондықтан орманға қорған болу үшін дайындықты қазірден бастау керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде