Қарағандыда мектептерге қарулы шабуыл жасаймын деп дүрліктірген
Қарағандыда белгісіз біреу мектептерге қарулы шабуыл жасайтынын айтып қаланы дүрліктірді. Әлеуметтік желіде 700-ден астам оқушыны оққа ұшыратын «мылтығының» суретін де жариялаған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
12.02.2024
Телеграмм арқылы тараған хабарламада автор таңғы сағат төрттер шамасында қала мектептерінің маңайын шолып шыққанын айтқан. Күзеті ұйқыда, полицияның қарасы көрінбегенін атап өтіп, бұл оқушыларды «қынадай қыруға оңтайлы» деген.
Полиция департаменті қаладағы мектеп әкімшіліктеріне сақтықты күшейтуді талап еткен хабарламалар жолдады. Оқу орындарының қауіпсіздігін бейнебақылау және полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ден қою тапсырылған.
Дегенмен білім бөлімі оқушылар мектепке күндегідей келіп, ата-аналар тарапынан дүрбелең болмағанын жеткізді. Хабарлама авторын іздеп жатқан полицейлер мұны еріккеннің ермегі болуы мүмкін дейді.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы:
— Осыған ұқсас жалған хабарламалар жыл басында көршілес мемлекеттердің бірқатар қалаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге облыстарында да орын алған. Бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызуға арналған. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуін және тыныштықты сақтауды сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!