Алматыда үш автобус бір-біріне соқтығысты
Алматыда үш бірдей автобус бір-біріне соқтығысып, 17 адам жарақат алды. Ауруханаға жатқызылғаны да бар. Жол апаты таңғы қарбалас кезінде Райымбек даңғылында болған. Апатқа ұшыраған үш қоғамдық көлік жеке тасымалдаушыға тиесілі. Оқыс жағдайға не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Автор: Ақтоты Жұмабек
13.02.2024
Жол апаты таңғы сағат тоғыз шамасында Райымбек даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысында болған. 54 бағытындағы автобус №133 автобус пен «Нексиа» автокөлігін соққан. №133 автобус екпінімен алдындағы №88 автобусқа барып соғылған. Зардап шеккен жолаушылар бар.
Зардап шекккен 17 жолаушы №14 ауруханаға жеткізілген.10 адам тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емге жіберілді. Ал үш адам ауруханаға жатқызылды. Бір жолаушы стационарда емделуден бас тартты. Ауруханаға жүгінген науқастардың дені — басы мен аяқ-қолы жарақаттанған дейді дәрігерлер.
Ермек Желдібаев, Алматы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы директорының хирургия ісі жөніндегі орынбасары:
— 14 науқас келіп жеткізілді. Барлық науқастар қаралу бөлімінде қаралып, тиісті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін Он науқас амбулаторлық емге жөнелтілді. үш науқас профильдік бөлімшелерге жатқызылды. Бір науқас ауруханаға жатудан бас тартты. Жатқызылған үш науқастың жағдайы орташа ауырлықта. Тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Көліктер онсыз да күндіз-түні кептеліп тұратын Райымбек даңғылында осы жол апатынан кейін қозғалыс тіптен тұралап қалған. Кейбір дереккөздерге сенсек, тізбектеліп келе жатқан автобустардың алдыңғысы кенеттен тежегішті басқан. Артында келе жатқан қоғамдық көлік тоқтап үлгермепті. Ал үшінші автобус жүргізушісі соққыны болдырмау үшін, рөлді бұрып жіберген көрінеді. Алайда жанындағы «Нексианы» қоса соғып, автобустарға ұрылыпты.
Қазір Медеу ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жол апатының мән-жайын анықтап жатыр. Сот медициналық сараптама тағайындалғаннан кейін жол апатының нақты себебі айтылады.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
— Кінәлі азаматтар анықталып, міндетті түрде жауапкершілікке тартылатын болады. Қай бап бойынша екені белгілі болады, жәбірленушілердің дене жарақатының ауырлық деңгейі анықталғанда. Егер жеңіл жарақат болса онда әкімшілік кодекс аясында тергеледі. Орта дәрежедегі немес ауыр дене жарақат алса,қылмыстық кодекс аясында тергеледі.
Сондықтан жүргізушілер қамалмаған дейді полиция. Бір-бірімен соқтығысқан қоғамдық көліктердің үшеуі үш түрлі автопаркке тиесілі. Үш мекемемен де байланысу мүмкін болмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!