{metadescription}
Астаналықтар жылу бағасының бірден 35 пайызға қымбаттағанына наразы
Астаналықтар жылу бағасының бірден 35 пайызға қымбаттағанына наразы

Астаналықтар жылу бағасының бірден 35 пайызға қымбаттағанына наразы

Астаналықтар жылу бағасының бірден 35 пайызға қымбаттағанына наразы. Қаңтар айының түбіртегін көріп төбе шашы тік тұрған тұрғындар әдеттегі сомадан 10-15 мың теңгеге артық төлейміз бе деп ашулы. Қымбатшылық мұнымен де тоқтамайды. Алдағы жарты жылда тариф тағы өседі деп болжайды ұлттық экономика министрлігі. КТК тілшісі бағаның неге бұлай құбылғанын жауаптылардан сұрап білді.

81 жастағы Зұлқия Мұхамеджанованың екі бөлмелі пәтерінің коммуналдық төлемі әдетте 16 мың теңгеден аспайтын. Ал қаңтар айында 25 мың теңгеге бір-ақ жеткен. Түбіртектің соңындағы қорытынды шотты көргенде қария «басқа пәтердің төлемі шығар» деп ойлапты.

Зұлқия Мұхамеджанова: 

— Зейнетақымды алғаннан кейін әрқайсысына бөліп қоямыз. Мынау анаған, мынау мынаған деп. 81-ден жасқан жасым бар. Жылуды қарасам, 35 пайызға өскен. Бұл не масқара?! Бақандай 35 пайыз! Ендеше біздің зейнетақымызды да 35 пайызға өсірсін! Осы үйде көп зейнеткер тұрып жатыр, 50 шақты зейнеткер! Балаларым болмаса не істер едім?!

Тарифтің өскені біреуге тиын, біреуге қиын болып тұр. Зұлқия әже сияқты зейнеткерлердің де, көпбалалы отбасылардың кешеден бері тынышы қашқан. «Айлық өсті» дегенді естіп алған біздегі монополистер тарифке келгенде ымырашыл. Былтыр жыл аяғында электр қуаты қымбаттағаны есімізде. Енді көп ұзамай, су мен жылудың да құны 20-дан 30 пайызға дейін өскен. Дегенмен бұл қымбатшылықтың әлі басы ғана деп отыр ұлттық экономика министрлігі.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

— Тариф өсті, өсе де береді. Қазір ең бастысы, әлеуметтік осал топқа жататын жандарды мемлекет мейлінше атаулы әлеуметтік көмекпен қамтымақшы. Бір айға шаққанда коммуналдық қызмет сомасы азаматтың тапқан табысының 10 пайызынан асып кетсе, сонда ғана мемлекет көмек тағайындайды.

Ал монополистер шектен шықса, жүгенін тартып отыратын Табиғи монополияларды реттеу комитеті бағаның өскенін аязбен байланыстырып отыр. Яғни қаңтар айында жағылған отын көлемі артқан. Әбден тозығы жеткен желілерді жаңартатын уақыт та алқымды қысып тұр. 

Зура Сардарбек, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің бөлім басшысы:

— Электроэнергияның бағасы өсті. Ол яғни барлық қызмет сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау қызметтеріне тікелей әсерін тигізді. Газдың бағасы, мазут деген сияқты соның барлығы әсер етті. Жалақының өсуі де ол да тарифтің өсуіне себепкер болды.

Бүгін Үкіметте «тариф өсу жалғаса береді» деген Ұлттық экономика министрі атаулы әлеуметтік көмек есебін алатын адамдар шеңберін арттырамыз деп жұбатқандай болды. Қолдан келер басқа шара жоқ. Себебі бұған дейін инфрақұрылымды жаңартуға бөлінген миллиардтаған қаражат желге ұшқан. Ал айтылған көмекті алу үшін айлығыңыз шайлығыңызға жетпейтіндігін аудандық әкімдікке барып дәлелдеу керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде