Буллинг: Атырау мектебінде оқушы бір жыл бойы әлімжеттік көрген
Атырауда баласы бір жылдан бері мектепте әлімжеттік көріп келе жатқан ата-ана араша сұрады. Кеше жетінші сынып оқитын ұлын қатарлас оқушылар ұрып-соғып бетінен тепкен дейді.. Үйге ұлы бет-аузы қанжоса боп келген соң шыдамым таусылды деп отыр. Өйткені баласы өзінен ақша бопсалап, қорқытатын оқушылардан зәбір көріп жүргенін мектеп басшыларына бірнеше рет айтқан. Бірақ бәрі мұны жылы жауып отыр дейді.
Автор: Жанат Молдашова
13.02.2024
Оқиға Атырау қаласындағы № 42 мектепте болған. Сабақтан соң киініп жатқан жетінші сынып оқушысы Аманжанды өзге оқушының бірнеше рет келіп ұрып-соққаны, тіпті, бетінен аямай тепкені бейнекамераға толық жазылған. Ұлының үйге бет-аузы қанжоса болып келгенін көрген анасы шыдамым таусылды деп ашынады. Баласын бір жыл бұрын ғана осы мектепке орналастырған екен. Содан бері оны өзге ұлдардың ұратынын, қорқытып-үркітіп ақша талап ететінін мектеп директорына да , сынып жетекшісіне де талай мәрте ескерткен. Алайда мұның бәрі ескерілмей, енді тіпті, үйге үсті-басы көгеріп, бет-аузы қанжоса боп келді дейді анасы.
Нұргүл Жұбатырова, анасы:
— Ақша сұрайды, бермесең ұрады дейді. Күнде таяқ жеп келеді. .Қолының бәрі көкпеңбек. Баламды шешіндіріп, дәлелдеп көрсете аламын. Мені қысады, дәретханада ұрады дейді. Сосын мен келдім. «Масқара ғой, не қарап отырсыңдар» десем, «білмейміз, біз балалардың арасында не болып жатқанын» дейді директор да, қалғаны да. Осы жолы кешіремін, бірақ қайталанбасын деген едім.Балам көптен таяқ жеп жүр екен.
Анасының сөзінше Аманжанның сабаққа зауқы болмай кеткен. Тіпті өзге оқушылар оған ұлының мектепте әлімжеттік көріп жүргенін де айтқан. Бірақ мектеп басшылығы да, сынып жетекшісі де ата-ананың шағымына құлақ аспаған. Директор «түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр» десе, сынып жетекіші «бұл балалардың арасындағы кикілжің» деп отыр.
Жанаргүл Есенова, сынып жетекшісі:
— Енді балалар арасында сөзге келіспеушілік болады ғой. Боқтап қояды. Бір-бірінің сөзін көтере алмайтын жағдай болады. Оқушылармен түсінік жұмысын жүргіземіз деп ойлаймын.
Қазір мектепте жергілікті полиция тексеріс жүргізіп жатыр. Сөздерінше, күш көрсеткен оқушының ата-аналарынан әзірге тек түсініктеме алынған.
Жеңіс Бозаев, Атырау полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:
— Кеше кешкісін болған оқиға. Енді бүгін екінші қалалық полиция басқармасында екінші тарап, ата-аналарымен түсініктеме алынып, тергеліп жатыр.
Ал білім бөлімі басшылары мектептерде әлімжеттіктің барын жасырмады. Бірақ бұл мәселе ата-ана, мектеп пен құзырлы орган бірлескенде ғана шешілетінін айтты.
Айнагүл Дүйсекенова, Атырау білім бөлімінің басшысы:
— Жалпы айту керек, қазір мектеп оқушылар арасында бұл мектепте емес, басқа мектептерде әлімжеттік көрсету, әртүрлі жағдайларға душар болатын факторлар жиіленіп кетті. Бұл жерде жалғыз мектеп емес, ата-аналар тарапынан шақыртқан уақытта мектепке келмейді, сынып жиындарына қатыспайды. Мектеп те, мектеп әкімшілігі, біз де балалардың өміріне немқұрай қарап, әрекетсіздік танытқан уақытымыз болған жоқ.
Өз қатарласын аяусыз теуіп, ұрып-соққан оқушының ата-анасына баланы тәрбиелеу, күтіп бағу міндеттерін орындамағаны үшін полиция әкімшілік хаттама толтырған. Сондай-ақ сот-медициналық сараптама жасалып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!