Қарлы бұрқасыннан Қарағанды, Абай, Ақтөбе облысының тұрғындары зардап шегуде
Еліміздің бірқатар өңірінде ақтүтек боранның беті қайтар емес. Төрт өңірде мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілген. 12 облыста жолдардың 32 учаскісі жабық. Әсіресе қарлы бұрқасыннан Қарағанды, Абай, Ақтөбе облысының тұрғындары зардап шегуде. Ескертуге қарамастан жолға шыққан кейбір көліктер қар құрсауында қалып, тіпті тас жолдан тайып кеткен.
Автор: Ұлан Нұрахмет
14.02.2024
Ауа райының қолайсыздығы Қарағанды, Ақтөбе, Абай облысының тұрғындарын әуре -сарсаңға салуда. Қарға адым жер көрінбей, жел жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен. Ақтөбе облысында боранның соңы жаңбырға ұласып көлік қозғалысы қиындады. Қазір Қарабұтақ ауылы арасындағы тас жолда мыңдаған жүк көлігі кептеліп тұр.
Айбол Данағұл, «Қазавтожол» ҰК Ақтөбе облысы филиалының басшысы:
—Ақтөбе қаласы мен Қарабұтақ ауылының қасындағы неше күннен бері жиналып, жай жүріп жатқан көліктер ұзындығы 80-90 шақырымға жеткен. Түнімен жүріп, қазір 50-60 шақырымға сәл азайды. Алайда кешеден бері жаңбыр жауып, оның артынан қар жауып, қазір сулы қар жауып тұр. Учаске бойынша барлық жерде көктайғақ.
Ақтүтек бораннан орталық өңірде жолаушылар тұрмақ, науқастарға жедел жәрдем жете алмай жатыр. Қар құрсауында қалған медицина қызметкерлері құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Семейде де таяқ тастам жер көрінбейді. Қазір өңір орталығы мен алты ауданда мектеп оқушылары жаппай қашықтан оқуға жіберілген. Полиция қызметкерлері Семей - Алматы трассасының бойынан жол шетіне ұшып кеткен жеңіл көлікті қардан әрең шығарды. Жалғыз келе жатқан көлік жүргізушісі дін аман. Тас жолдар жабылса да күзет күшейтілген.
Ернар Базаров, Абай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары:
— Бүгін облыста ауа райының күрт нашарлауына байланысты автокөлік жолы барлық бағыт бойынша жабылды. Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірдің барлық бағытында полиция қызметкерлері тәулік бойы күзетуде.
Мамандар тұрғындарды сабырлық сақтап, алдағы күндері алыс жолға шықпауға шақырды. Ал ауа райын болжаушылар, ақ бұрқасынның соңы сақылдаған сары аязға ұласады дейді. Солтүстік, орталық пен батыста ауа температурасы -38 –ге дейін төмендейді. Арктикалық циклоннан оңтүстік өңірлерде де 20 градус аяз күтілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!