Қаңғыған ит-мысықтарды аулауға рұқсат берілуі мүмкін
Қаңғыған иттен қауіп көп. Елімізде қараусыз қалған ит-мысықтарды аулауға қайта рұқсат берілуі мүмкін. Мәжілісте ит атуға тыйым салынған заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізу тұралы ұсыныс жасалды. Депутаттар оны бірауыздан қолдаған. Бірақ елде оған қарсы келетіндер де бар.
Автор: Әсем Лесбек
14.02.2024
Тұрғындардан қаңғыған ит-мысық қаптап кетті деген шағым көбейген. Алматының орталығындағы аула. Подъездер мен балалар алаңқайы. Мұнда иесіз иттер үйірімен жүр. Тіпті бала тұрмақ, ересектерге үріп, қауып ала жаздаған кезі де болған. Бұралқы иттер ауланса дейтін арыз-шағым да көп. Жұрт мектепке жаяу барып келетін ұл-қызына да алаңдайды.
Тимур Зюбин:
— Өз басым қаңғыған ит-мысықтар мәселесін қолға алса екен деймін. Арнайы мекемелерге өткізіп, ондағы жұмы та қадағалануға тиіс. Өйткені қазір расымен қалада иттер қаптап жүр. Қабағандары да бар. Бәрінен де балалар үшін қауіпті.
Жалпы елде қаңғыған иттің құрбандары болған адам саны аз емес. Мәселен, былтыр Жаңаөзенде төрт жасар баланы бұралқы ит талап тастаған. Оған дейін де тағы бір ересек азамат иттердің шабуылынан кейін ауруханаға түскен. Осыдан кейін жергілікті тұрғындар қаңғыбас иттердің көзін жоюды талап етіп әкімдік алдына жиналды. Өскемен халқы да дәл осындай талаппен қала билігінен көмек сұрады. Жұрттың өтініші, ақыры, қараусыз қалған жоқ.
Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:
— Заңды қайта қарап, депуттар болып бастама көтердік. Бұл жердегі мәселе, біріншіден, ит тіркеуді орталықтандыру. Екінші мәселе, өзінің қожайыны бар, қожайыны өз итін қараусыз қалдырмау. Үшінші мәселе — ит қауып жатса немесе ауру болатын болса, онда біз жергілікті билікке шұғыл шара қолдануға мүмкіндік беруіміз керек. Эвтаназия қолдану.
Яғни қараусыз қалған итті арнайы мекемеден 15 күннің ішінде ешкім алып кетпесе, онда ол өлтіріледі. Ал қожайыны бар иттерге 60 күн беріледі. Депутат бұл заңның тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалғанын айтады. Әрі вакцинация мен стерилизация мәселесінде мәселе азаяды дейді.
Әйтсе де жануарды қорғаушылар бұл жаңа нормалардан шошынып отыр. Мәжілістегілер қаңғыған ит-мысықтарды өлтіруден бұрын, оларды ұстау, тіркеу, дәрілеу, вакцинация жасау, кастрация мен стерилизация жағын да ойласа дейді.
Татьяна Острецова, зооқорғаушы:
— Ең алдымен, қаңғыбас иттердің көбейуі мәселесін қолға алу керек. Яғни олардың туу процесін тоқтату жағын қарастырған жөн. Әрине, стерилизация жасалмаса көбейе береді, жыл сайын. Неге сол стерилизацияны қолға алмасқа? Арнайы ақша бөліп, мекемелердің жұмысын тексерсе. Бірден эвтаназия қолданған дұрыс емес.
Әйтсе де заңға өзгеріс алдағы екі-үш айда енгізілуі мүмкін.
Еске салсақ, екі жыл бұрын жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң қабылданған. Онда жануарларды азаптап өлтірген адамға 30 миллион теңге көлемінде айыппұл салу бабы бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!