Репортаж: Түркиядағы зілзалаға жыл өтсе де, зардабын жою әлі жалғасып жатыр
Түркиядағы жойқын жер сілкісінен бері бір жыл өтсе, баспана мәселесі әлі күрделі. Былтыр болған зілзаладан миллиондаған тұрғын панасыз қалған еді. Қазір Қахраманмараш, Адыяман мен Малатия провинцияларында үйлері қирап қалған ел-жұрттың басым бөлігі контейнерде тұрып жатыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
14.02.2024
Отандастарымыз жіберген киіз үйлер де біраз адамға әлі де пана. Қазір бұл аймақтарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Баспаналардың кейбірі толық соғылып біткен. КТК тілшісі оны өз көзімен көріп қайтты.
«Ғасыр апаты» деген атау берілген былтырғы жер сілкінісі Түркия халқын да, мемлекетін де біраз есеңгіреткені рас. Зілзала болған 11 провинцияның кез келгенінде қазір осындай көрініс. Қираған үйдің қалдықтары жан-жақта үйіліп жатыр. Тұрғындармен тілдесе кетсең, әрқайсысының жүрегінде бір ауыр мұң бар.
Хасан Генші:
— Мен бөлек, әйелім мен немерем бөлек ұйықтап жатқан. Зілзала басталғанда бірден оянып, үстелдің астына кіріп үлгердім. Қатты сілкінді. Тұруға мүмкіндік болмады. Бір сәтте тас қараңғы болып кетті. Көзімді ашсам, үсті-басым шаң. Үйдің құлағанын сол кезде түсіндім. Қол шамды қосып қарасам, қабырға мен ұйықтап жатқан төсектің үстіне құлаған екен. Кейін ұлым екеуіміз әйелім мен немеремді іздедік. Сөйтсе, екеуін бірдей қабырға басып қалыпты. Әйелім немересін қорғаймын деп үстін денесімен жапқан екен. Сол жерде ажал құшқан. Мен мұны ұмыта алмаймын.
Бірі отбасынан айырылып, әлі күнге дейін қайғыдан қан жұтып жүрсе, жер сілкінісі кезінде құдай сақтап тірі қалғаны үйсіз-күйсіз қалған.
Зілзала кезінде зардап шеккен Түркияның әрбір провинциясында шамамен 100 мыңнан аса тұрғын әлі күнге дейін контейнерлерде өмір сүріп жүр. Амал нешік? Үйлерінің тас-талқаны шыққан. Басқа баратын жері жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан арнайы мұқтаж адамдарға осындай қалашықтар соғылған.
Қалашық деуі де тегін емес. Күнделікті тіршілікке қажет дүниенің бәрі соғылыпты. Балалар ойнайтын алаң, 8-сыныпқа дейін оқытатын мектеп пен спорт үйірмелері бар. Су мен жарық та тартылған. Дегенмен қандай жағдай жасалса да, тұрғындарға өз үйіндей болмайтыны анық.
Гүлсім Шахин:
—Жер сілкінісі кезінде қатты қорқынышты болды. Үйіміз бір жағына қарай құлап, біз аман қалдық. Үш ай бойы шатырда тұрдық. Өтініш берген соң, контейнер үйге көштік. Әу баста ішінде түк болмады. Уақыт өте ретке келді. Негізі өте қиын. Кейде су мен жарық өшіп қалады.
Былтыр қазақстандықтар апаттан кейін Түркияға 100 киіз жіберген еді. Арада бір жыл өтсе де, қазақ үйлер кейбір провинцияларда әлі тұр. Жергілікті тұрғындарға ұнап қалғаны соншалық, «киіз үйден контейнерға көшпейміз» деп жатып алыпты.
Осман Варол, Түркия, Адыяман провинциясының губернаторы:
—Өткен жылы болған табиғат апатында бізге гуманитарлық және құтқару жұмыстарымен көмек көрсеткен бауырлас Қазақстанға ерекше алғыс білдіремін. Қиын-қыстау заманда жанымызда болды. Бауырластықтарын іс жүзінде көрсетті. Адыяман провинциясының губернаторы ретінде алғыс айтамын.
Қазір Адыяман мен Малатия провинцияларында құрылыс қызу жүріп жатыр. Кейбір тұрғын үй кешендері соғылып бітіпті. Су жаңа пәтердің иесі енді кездейсоқ онлайн анықталады. Көпқабатты баспаналардан бөлек, қалалардың шет жақтарында жер үйлер де тұрғызылған.
Панасыз қалғандарға қалашықтар соғылған. Мұнда қазір 30 шақты үй бар. Баспаналардың бәрі бірдей. Бір қабатты, үш бөлмелі. Қазір үйлер бос тұр. Тұрғындар енді-енді көшіп келеді екен.
700 мыңға жуық ғимарат қирап, 53 мыңнан аса адам ажал құшқан Түркиядағы зілзалаға бір жыл да өте шықты. Апаттың мемлекетке ауыр соққы болғаны соншалық, оның зардабын жою әлі күнге дейін жалғасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!